Жылу желілері жаңартылуда

​22 маусымда «Amanat» партиясы Текелі қалалық филиалының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында Текелі қаласындағы кварталішілік жылу желілерін қайта жаңартумен айналысып жатқан мердігер «Риголит» ЖШС жұмысы назарға алынды.
Жылу желілері жаңартылуда

Жалпы қала бойынша ұзындығы 22 шақырым жылу желісін жаңарту көзделген. Тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық,  жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Мердігер серіктестіктің өкілі Нұрлан Әзірбаев 2021 жылы 25 қыркүйекте «Достық» шағынауданында басталған жұмыс жоспарға сай жүріп жатқанын, ескі құбырды қазып алу, траншеяны дайындау, табанына науа орнату, құбырды жүргізу, тот басуға жол бермеу үшін арнайы сырмен сырлау, жылу ұстап тұратын арнайы қаптамамен орау, үстіне тақтатас жабын орнату және қазылған топырақпен жауып, тегістеп, жолға асфальт төсеуге дейінгі жұмыс барысында жобалық сметалық құжаттамадан тыс ахуалдар, ауытқулар туындағанда тұрғындармен, тиісті мекемелермен келісе отырып, барлығын реттеп отырғандарын, жұмыстың сапасы серіктестік басшылығынан басқа авторлық бақылау, техникалық бақылау, тапсырыс беруші, геодезистердің тарапынан қадағаланатынын айтты. «Достық» шағынауданындағы жұмыс ауқымы осы жылдың 30 қыркүйегінде толығымен аяқталуға тиіс.

Қалалық мәслихат депутаты Тұрысбек Жұмаділовке өтініш білдірген Алматы көшесінің тұрғындары үйлеріне кірер жолдың жабылып қалғанын және бау-бақша суаратын арықтың қазылып кетіп, сусыз отырғандарын жеткізген. Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне «Риголит» ЖШС басшылығы жылдам шара қолданып, арықты қалпына келтірді. Өтініштерін жерге тастамаған азаматтарға ризалығын жеткізген Алматы көшесі, 29-үйдің тұрғыны Г.Мұхамедиқызы уақытша қолайсыздық қыста жылы үйде отырғанда ұмытылып кететінін айтты.

Жылу желілерін жаңарту жұмысы шілде айында «Алатау» шағынауданында басталады.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.