Заң мен әдеп аясында

Осы аптада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қобылан Манап, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Қазбек Шакишев және «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева Текеліге ат басын бұрып, азаматтармен жүздесті.
Заң мен әдеп аясында

Текелі кәсіптік колледжінде болған кездесуде ұстаздар мен студенттер Қ.Манап пен Қ.Шакишевке көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды, мемлекеттік қызметке қадам басудың алғы-шарттары, жауапкершілігі туралы айтылды.

Қалалық әкімдікте мемлекеттік қызметкерлермен өткен басқосуда аталған департаменттің тарапынан мемлекеттік қызметтің ел игілігі үшін адал, заң шеңберінде орындалуы үшін атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударылды. «Облыста 661 мемлекеттік орган болса, онда 7071 мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Осы қызметкерлердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жөніндегі Заң мен Әдеп Кодексін сақталуын бақылайтын орган бар»,– деген Г.Тойлыбаева мемлекеттік қызметкерлердің қызмет көрсету сапасын арттыруда, білімдерін жетілдіруде, электронды қызмет көрсетуде әдептілікті сақтаудың жаңа әдістерін меңгеру маңызды екенін алға тартты, халықтың мемлекеттік қызметшіге сенімін арттыру өзекті екенін бағамдады.

Бұдан кейін Алматы облысы бойынша Департамент басшысының орынбасары Қ. Манап пен «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Г.Тойлыбаева әкімдіктегі сервистік орталықта қала тұрғындарын қабылдап, түрлі мәселелер бойынша өтініш-тілектерін тыңдады, қойылған сұрақтарды саралап, жүйелі жауап қайтарды, кеңес беріп, жөн сілтеді.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.