Қажыры мықты қайсар жан

Өмірдің гүлі, мелдектеген мейірімнің бастау бұлағы, отбасының ұйытқысы, жарық пен жылу сыйлар шырағы деген тәтті теңеулерді әйел заты әу бастан иемденгенмен, екінің бірі ер азаматтардың өзі дауалай қоймайтын моторшы маман атанбайды. Текелідегі ірі кәсіпорынның жүрек лүпілі мен тамыр соғысын қадағалап отырған Анар Қайырдықызы Қойшыбаевамен таныс болыңыздар.
Қажыры мықты қайсар жан

1976 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүние есігін ашқан Анар кішкентайынан алғыр, айтқанынан қайтпайтын, мінезді болып өсті. Негізгі мектепті бітірген соң наубайшы-кондитер мамандығы бо-йынша училищеде оқып, он саусағынан бал тамған аспаз болып шыға келді. 19 жасында босаға аттап, отбасылық өмірдің ащысы мен тұщысын татып, ана болу бақытын жан-жүрегімен сезінді. 1999 жылы Текеліге көшіп келді. Табиғаты тамылжыған шағын қалаға тез бауыр басты. Күрделі кезеңді бастан өткерген қаланың қайта тыныстап, қадамын нықтай бастаған жылдарында Анар да қарап жатпады. Еңбекпен нанын тауып, түрлі дәмханаларда аспаз болып жұмыс істеді. Жұмыста да аспаз болу, үйде де қазан көтеріп, дастархан жаю қайталана берген соң, бірсыдырғы тірлік мезі етті ме, Анар Қайырдықызы басқа салаға қызығушылық таныта бастады. Бойындағы күш-жігері, талпынысы мен тілегі бір арнада тоғысып, 2017 жылы «Текелийский энергокомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде пайда болған бос орынға орналасамын деген мақсат қойып, кәсіпорынның табалдырығын нық сеніммен аттады. Жылу мен жарық өндіретін ірі кәсіпорынның сан тарау бөлімі, тоқтаусыз жұмыс үстіндегі алып өндіріс Анардың қажырына қуат қосқандай, өз орнын енді тапқандай алып-ұшты.

Әрине, мүлде басқа саланың маманы өндірістік кешеннің қазандық турбиналық цехының багерлі шламды сорғы моторшысы болып бірден жұмысты бастап кеткен жоқ. Осы жұмыстың білгір маманы Наталья Рейхерттің шәкірті болып, бір ай бойы теориялық білім алды, қай құрылғы қандай қызмет атқарады, тетіктерді басқару, температура, су мөлшері – бәрі-бәрін ұйқыдан оятқан кезде айтып бере алатындай дәрежеге жетті. Содан кейін өндірістік тәжірибе басталды. Ұстазының нұсқауымен жарты айдың жүзінде цехтағы жұмысты шыр көбелек айналдыратын болды. Емтиханнан сүрінбей өтіп, моторшы болып жұмысқа орналасты.

«Бес жыл болды, осы цехта багерлі шламды сорғы моторшысы жұмысын істеп жүрмін. Төрт адам кезекпен жұмысқа шығамыз. Бұл жауапкершілігі өте жоғары жұмыс. Үздіксіз жұмыс істеп тұрған құрылғыларды бір сәт те қараусыз қалдыруға болмайды. Жағылған көмір күлі сумен шайылып, сорғының бойымен күл үйіндісіне тө-гіледі. Судың мөлшерін, қазандыққа қыздырылған мазуттың үздіксіз берілуін, температурасын үнемі бақылауда ұстаймыз. Мотор, қозғалтқыш, сүзгілерді тазалап отырамыз. Оңай жұмыс емес. Бірақ, маған осы бір тоқтаусыз процесс ұнайды, жұмысымды бар ынтамен істеймін»,– деген Анар Қайырдықызы осы саладағы білімін жетілдіруді көздеп жүр.

Қажыры мықты қайсар жанның өмірлік серігі, отағасы мұның тынымсыз еңбегін, ұмтылысын бағалайды. Анар да шаңырағының жылуын сақтап, отын маздатып, ырысын еселеп отыр. Үлкен қыздан екі жиен сүйіп, әже де атанып үлгерді. Ұлы Ресейде вагон-құрылыс дәнекерлеушісі болып жұмыс істейді. Ал кенжелері келер жылы мектеп бітіреді. Анардың білгір маман ретінде де, аяулы ана ретінде де жетер биігі мен көрер қызығы алда.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.