Кәсіпкер келіншек

Әлемді әлдиімен тербететін ана деген құдіреттің күшінде шек бар ма?! Қазіргі жас аналардың көпшілігі екі тізгінді тең ұстауға машықтанып, үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелетіп жүр. Осындай жігерлі, белсенді, әрдайым өзін қамшылап отыратын жас кәсіпкер Гүлдана Өміртайқызы Қапалованың қолынан дәм татқан жан оның «Melissa» деп аталатын кофейнясына қайта айналып соғары анық.
Кәсіпкер келіншек

«Ана көрген тон пішер» демекші, Гүлдана ана тәліміне құлақ асып, сол ізден адаспай келеді. 1995 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Ақтоғай станциясында өмірге келген ол мектеп бітірген соң Талдықорған қаласындағы политехникалық колледжде құрылыс өндірісі, техник-технолог мамандығы бойынша білім алды. Он сегіз жасында келін атанып, Текелі қаласына келді. Қазір 26 жаста. Отағасы Жасұлан екеуі бір ұл, екі қыздың қылығына қуанып, жас отауларының шаттығын еселеуде. Үйде ерінің қас-қабағына қарап, балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін Гүлдананың бар болмысы қазақтың ибалы келіншегінің шынайы үлгісіндей.

«Біз үйде төрт ағайындымыз. Анамыз наубайшы болған соң ба, бәріміз аспаздыққа әуеспіз. Үлкен ағам Алматыда үлкен мейрамханада жұмыс істейді. Әпкем мұғалім болса да, тәтті пісіруден алдына жан салмайды. Сіңлім әлі оқушы. Үйге келген қонақтар пісірген тәттілерімді мақтап, сатылымға шығармайсың ба деп ой тастап қоятын. Содан «Бастау Бизнес» жобасы туралы естіп, арнайы курсына қатыстым. Текеліде шағын кофейня ашамын деп бизнес жоспарын жасадым. Облыстық Кәсіпкерлік басқармасында комиссия шешімі шығарылып, маған кәсіп бастау үшін 2 миллион теңге грант берілді. Ғимарат жалдап, екі тоңазытқыш, кофе машинасын, торт пісіруге арналған екі пеш, басқа да құрал-жабдықтар алдым. Карантин кезінде онлайн түрде кондитер курсын оқыдым. Кейін Алматыда белгілі кондитердің шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе жинадым. Кофейняда өзімнен басқа екі адам жұмыспен қамтылды. Қазір тұрақты қонақтарымыз, тапсырыс берушілеріміз бар», – деген Гүлдана Қапалова алдағы уақытта шағын кәсібін ұлғайтқысы келеді.

«Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында «Іскерлік байланыстар» курсын тәмамдады. Карантиннің кесірінен Германияға барып, халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігі болмады. Текелі қаласы бойынша «Жыл үздігі-2021» байқауының жас кәсіпкер аталымының жеңімпазы атанған Г.Өміртайқызының келер күндерден күтері көп.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.