Спорт мектебіне автокөлік кілті табысталды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдегі 22 спорт мекемесіне автокөлік кілттерін тапсырды. Мерекелік шара Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында өтті.
Спорт мектебіне автокөлік кілті табысталды

Шарада алдымен өңір-дегі спорт саласының өткен жылғы дамуы, спортшылардың жеткен жетістіктері туралы бейнеролик көрсетіліп, жеңісті жолдары таныстырылды. Жиналған қауымға алғашқы болып сөз арнаған облыс әкімі Амандық Баталов спорт саласына көрсетіліп отырған қолдаулар жайлы қысқаша айтып, спортшыларға шеберлік, ерік-жігер, күш-қайрат тіледі:

– Қазіргі кезде барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылып келеді. Біз әрбір аудан орталығында заманауи спорт кешендерін салып жатырмыз. Өткен жылы Қарасай және Ескелді аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Жақын арада Көксу ауданы Балпық би ауылындағы спорт кешені ашуға дайын. «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша Балқаш, Алакөл, Ұйғыр, Ақсу, Райымбек аудандарында 5 осындай кешен салынып жатыр. Бұл жалпы тұрғындарды, жастарды бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға көптеп тартуға мүмкіндік береді. 2020 жылы облыста спорт саласын дамытуға 18,3 млрд. теңге бөлдік. Жуырда Талдықорған қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ Олимпиадалық стандартқа сай «Талдықорған» орталық бассейнін іске қосамыз. Мұнда балаларымыздың бассейнде емін-еркін жаттығуына мүмкіндік туады. Бұл ғимаратта Әлем чемпионаттарын өткізуге болады. Сол сияқты біз спорт мектептерін ашып, штат беріп, бүгін арнайы көлік сатып әперіп отырмыз. Материалдық-техникалық базаны жақсарту шаралары спортшы жастардың жақсы нәтижеге жетуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Еліміздің көк туы әрқашан биікте желбіресін. Істеріңіз сәтті болып, алға қойған мақсат-мұраттарыңызға жете беріңіздер, – деген А. Баталов бұдан әрі марапаттау рәсіміне көшіп, үздік спортшыларға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын, арнайы дипломдар және 300 мыңнан 2 млн.теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар тапсырды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша спорт саласы үздіктері қатарынан көрініп, автокөлік кілті табысталған мектептер қатарында қаламыздағы «Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» де бар. Мекемеге 16 орынды автобус сыйға тартылды.

Бүгінгі таңда аталмыш білім ордасында өңіріміздің абыройын асқақтатып жүрген каратэ шинкиокушинкайдан әлем чемпионы Әсемай Акранбек, Данелия Акатаева және ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен әйелдер арасындағы екі дүркін әлем чемпионы Ольга Пастухова, Әйгерім Аулбек, Азия біріншіліктерінің жеңімпазы Нияз Тілеужан, бокстан Азия және республикалық жарыстардың жүлдегерлері Абылай Ыбраимов, Айбек Досанов сынды жер-лестеріміз жаттығады.

«Мектебімізде Әлем, Азия, Еуропа біріншілігінің жүлдегерлері және рекордшылары бар. Қазіргі таңда үздіксіз жатты-ғуларының нәтижесінде бірнеше спорт түрлерінен Халықаралық, Республикалық және облыстық жарыстарда жүлделі орын иеленіп келеді. Спорт мектебінде тәрбиеленіп жатқан спортшылар мен жаттықтырушылардың жалпы мектеп ұжымының еңбегін бағалап, осындай сый ұсынып жатқан өңір басшысына Алғысымыз шексіз» – деп спорт мектебінің басшысы Нұржан Ешмұханбетұлы өзінің ризашылығын жеткізді.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.