Ел мақтаны

Испанияда өткен джиу-джитсудан Әлем чемпионатынан жерлесіміз Қуаныш Маратұлы Аязбаев қола жүлдемен оралды.
Ел мақтаны

Қ.Аязбаев Қазақстан құрама командасында өнер көрсетеді. Джиу-джитсу – 27 жастағы спортшы ден қойып айналысып жүрген спорттың екінші түрі. Ол бұған дейін жауынгерлік самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған.

Текелі қаласында туып-өсіп, №4 орта мектебін бітірген соң Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында оқыған Қуаныш бүгінгі таңда өзі дүбірлі додаларда топ жарып қана қоймай, самбодан жаттықтырушы болып шәкірт тәрбиелеп жүр. Қуаныш Аязбаевтың өзін спортқа тартып, қабілетін бағалаған, баптаған алғашқы жаттықтырушысы Рахым Құсайынұлы Керімбаевқа алғысы шексіз. Ол туралы Р.Керімбаев: «Қуаныш 10-11 жасында дзюдо күресіне келді. Біраз уақыт шынығып, тәжірибе жинаған соң, самбо күресіне ауыстырдық. Талабы таудай, тынымсыз жаттығуға төзімді бала самбодан бірнеше мәрте ел чемпионатында жүлделі болды. Спорттық самбодан 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында үш рет алтын алды, Азия чемпионы атанды. Кейін бұл күрестің жауынгерлік самбо түріне ауысты. Бір орында тұрмай, әрдайым алға қадам басып келе жатқан шәкіртімнің әр шыққан биігіне қуанып отырамын. Қазір ол Алматыда жүрсе де, бізден, туған жерінен байланысын үзген жоқ. Қазіргі бала шәкірттеріме осындай ағаларының жеңісті жолы үлгі-өнеге»,– деді.

Қуаныш Аязбаев алдағы уақытта да Қазақстан құрамасының сапында байрақты бәсекелерде оза шауып, көк Туымызды биікке көтеріп, Мемлекеттік Гимнімізді шарықтата шырқатуға мүдделі.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.