Үздіксіз білім алу – заман талабы

Жаһандану, жаңа технологиялар, көші-қон, нарықтық өзгерістер, елдер арасындағы бәсекелестік, саяси қауіп-қатерлер мен экологиялық проблемалар – осының барлығы ХХІ ғасырда оқушыларға қажет болатын білім, білік, дағдыларды дамытуды талап етеді. Оқушы бойынан осындай дағдыларды дамытуда мұғалімнің рөлі зор.
Үздіксіз білім алу – заман талабы

Осы мақсатта маусым айында Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық Педагогикалық шеберлік орталығы қашықтан ұйымдастырған «Оқушылардың математикалық және оқу сауаттылығын, креативті ойлауын дамыту» тақырыбында тренерлік курс оқыдым. Курсты педаго-гикалық шеберлік орталығының тренерлері, өз ісінің мамандары Ошакбаева Аманкул Алдибековна және Жаксылыкова Гульнар Танирбергеновна жүргізіп, теориялық біліммен қатар тренерлік дағды мен тренерге тән жеке қасиеттер туралы нақты бағыт-бағдар берді. Осындай шебер ұстаздардың бізге үйреткен өнегесі мен тәжірибесі үшін, сапалы білімі үшін айтар алғысым шексіз.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», – деп ұлы Абай айтып кеткендей, ұстаздан алған білім мен білігімізді облысымыздың ұстаздарына қашықтан үйретуді бастап кеттік. Талдықорған, Алматы қалаларының колледж оқытушылары мен Жамбыл, Көксу, Ескелді, Сарқанд, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының математика пәні мұғалімдеріне «Оқушылардың математикалық және оқу сауаттылығын, креативті ойлауын дамыту» тақырыбында онлайн курс өткіздік. Курс бағдарламасының басты мақсаты – оқушылардың функ-ционалдық сауаттылығын және креативті ойлауын дамыту үшін қажетті кәсіби құзыреттіліктерді жетілдіру. Өзім жетекшілік ететін топтарда курсқа жалпы саны – 100 мұғалім қатысады деп жоспарлануда, бүгінгі күні оның курсты тәмамдаған 70-і сертификат алды. Курс тыңдаушылары 7 күн бойы 90 минуттан онлайн-вебинарға қатысып, әр модуль бойынша берілген теориялық ақпаратпен танысып, оның тапсырмаларын орындап, порталға жүктеп отырды. Әр мұғалімнің орын-даған тапсырмасына тренер тарапынан кері байланыс та өз уақытында жүргізілді. Бұл менің алғаш рет жүргізген курсым болғандықтан, үлкен жауапкершілікпен атқаруға тырыстым. Себебі тыңдаушыларға оқушылардың функционалдық сауаттылығын және креативті ойлауын дамытуға арналған тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану, білім беру процесін құрылымдау дағдыларын жетілдіру әдістерін үйрету арқылы функционалдық сауаттылықты және креативті ойлауды қалыптастыру мүмкіндіктерін көрсеттік. Жеті күндік курста әр күніміз мақсатқа сай жұмыс жасау жоспарланды. Әр күні «zoom» бағдарламасында вебинар өткізіліп, топтық жұмыстар ұйымдастырылды. Жаңа технологиялар quizizz, jamboard, online test pad, google диск, QR-код т.б. қолдану теориялық біліммен қатар іске асырылып отырды. Тындаушыларға курс бағдарламасын меңгеруде қашықтан оқыту порталы мынадай мүмкіндіктер ұсынған: бұлтты технологиялар арқылы материалдарға қол жетімділік; қашықтық – орналасқан жеріне қарамастан оқу; уақыт икемділігі, ыңғайлы кез-келген уақытта оқу; даралау-жеке кесте мен қабілеті бойынша оқу; ұтқырлық-оқыту смартфон арқылы. Тыңдаушылар мүмкіндіктерді толық пайдаланып, тапсырмаларын жүктеп, орындаған тапсырмаларына кері байланыс алып отырды. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тындаушылармен бірге ХХІ ғасыр дағдысы ретінде Оқыту туралы ғылым сабақтарын қарастырдық, өткен жылдардағы халықаралық зерттеу (PISA) тапсырмаларының мысалдарын зерделедік, сабақ пән бойынша жаңартылған оқу жоспарына сәйкес әзірленді.

Қорыта келгенде, «Барлығы да бала үшін!», – деген ұранды ұстанатын да ұстаздар. Болашағымыздың жарқын болу да ұстазға байланысты. Олай болса, ұстаздарға үздіксіз білім алуға мүмкіндіктер туғызу керек, бақылау мен диалогті ынталандырып, ынтымақтастық пен ұжымдық оқытуға қолдау көрсетіп, ақпарат жинау мен білім алмасу жүйесін құру қажет. Бұл іс-әрекеттер мұғалімге көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар, мектептің дамуына ықпал етеді және оқушылардың XXI ғасыр дағдыларын меңгеруіне барынша оң ықпал ететін оқу процесін көрсетеді.

Барлық әріптестеріме сәттілік тілеймін!

Лариса Махабат,

 «№5 орта мектеп» КММ

математика пәнінің мұғалімі, ПШО тренері

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.