Кәсіпкерлікте мол игілік бар

Мемлекеттік іргелі бағдарламалар қаламызда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, бүгінде мемлекеттің қолдауына арқа сүйеп, өз кәсібін ашқан қала тұрғындарының саны артып келеді. Кеше қаламызда тағы бір кәсіпкерлік нысан өз жұмысын бастады.
Кәсіпкерлікте мол игілік бар

Кондитерлік-кофехананың ашылу салтанатына қатысқан қалалық кәсіпкерлер Палатасының директоры Тұрысбек Жұмаділов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  өткен жылы қыркүйектегі Жолдауында айтқан: «Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстаным­дарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс» деген сөзін тілге тиек етіп, экономикалық-әлеуметтік әлеуеттілік болмай рухани жаңғыру үдерісі тоқырайтынын, халқымыздың жаңаша болмысы, ең алдымен, нарықтық экономикаға, кәсіпкерлік дағдыларға байланысты қалыптасатынын, адал еңбек, ұшқыр ой, таза бәсекелестік, төгілген маңдай тердің бағасы, міне, осы құндылықтар адамды қанаттандыратынын, әсіресе, жастарымыздың кәсіпкерлікке ұмтылысы тұтас ұлттық мүддеге саятын баянды үдеріс екенін алға тартты.          

Гагарин көшесінің бойында «Mеlissa» атауымен іске қосылған кондитерлік-кофехана – алғабасар жастарымыздың бірі Гүлдана Қапалованың біраз жылдан бергі құлшынысты еңбегін жандырған мемлекеттік бағдар-ламаның жемісі.

Ол өткен жылы қалалық кәсіпкерлік Палатасы арқылы «Бастау бизнес» оқуын оқып, сертификат иеленді. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 2 млн.теңге грант ұтып алды. Ізденісті еңбегіне мемлекеттің қомақты қаржылай қолдауы үлкен мүмкіндік сыйлап, міне, енді ол сүйікті ісін нарық-қа бағыттады. Жеке кәсібін ашып, оны дамытуды қолға алды. Мұнда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 

Гүлдананың айтуынша, ол тілі дәм үйіретін бал күлшелер мен тәтті то-қаштарды пісіруді бала күнінен жақсы көріпті. Сондықтан, кәсібіне қанық. Ұтып алған грантына қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Заманауи құрылғылар бойда бар өнерді тіпті түрлендіріп жібереді. 

Тәтті-дәмділердің бәрі сол жерде дайындалады. Сапасы сенімді, бағасы лайықты. Сондай-ақ, мұнда онлайн тапсырыс қабылдап, үйге жеткізіп беру қызметі де бар.

Айта кетерлігі, биылғы жарты жылдықта «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін 73 адам оқыды. 7 жоба гранттық қар-жыландыруға ие болды.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.