Жас өскіннің жылы ұясы

Көктемнің алғашқы шуағы сезілісімен-ақ жер бетіне көк қылтиып, тал-теректер бүр жарып, жеміс ағаштары гүлге оранады. Ал жылыжайда жыл мезгіліне қарамастан, гүл өсіп, өсімдік баптала береді. Текелідегі «Алма-Дария» шаруа қожалығының аумағы 1200 шаршы метр жылыжайында дәл қазіргі уақытта жұмыс қызып тұр.
Жас өскіннің жылы ұясы

Былтыр 50 мың түп гүлді сатылымға шығарған шаруа қожалығы биыл көлемді он пайызға ұлғайтып, гүлдердің сұрпын да көбейтіп отыр. Елдімекендерді абаттандыру жұмысында гүлдердің орны ерекше. Түрлі-түсті әр мен көрік беріп, жұпар аңқып, ауаны тазартып, құлпырып тұратын гүлдердің көшеттері алдымен арнайы жылы-жайларда бапталады. «Алма-Дария» шаруа қожалығының директоры Бақыт Шалбаев «Былтыр еккен гүл көшеттеріміз облыс орталығындағы «Жастар» саябағын көріктендірді. Олар биыл да гүлге тапсырыс берді. Өткен жылы жол жиектеріне егу үшін гүл алған Сарқан ауданымен де келісім бар. Текелінің орталық саябағына да біздің гүл көшеттері егілді. Жылыжайда 11 адам жұмыс істейді. Былтыр қияр, қызанақ егіп көрдік. Ал өткен қыста жасыл жуа егіп, жақсы өнім алдық»,   –деп мұндағы мамандардың жылдан-жылға тәжірибе жинап келе жатқанына тоқталды.

Жыл он екі ай жұмыс істеп тұрған жылыжайдың көмір жағатын қазандығы бар. Қатты суық болатын қыс айларында электрлік жылу жүйесі іске қосылады. Суару, топырақты тыңайтумен мамандар айналысады. Бу генераторы арқылы науадағы топырақ өте жоғары температурада толыққанды өңделіп, барлық зиянкестер, арамшөп тұқымдары жойылады.

Бүгінгі таңда гүл көшеттерін баптауға көңіл бөліп отырған жылыжайда шырайгүл, ақсәуле, бар-қытгүл, газания, қалампыр, цинерария, сальвия сияқты 16 түрлі гүл өсіріліп жатыр. Оны кез келген адам немесе мекеме таңдап сатып ала алады. Саябақтар мен көше бойындағы гүлзарларға көш бастайтын гүл көшеттерінің бағасы сұрыпы мен көлеміне қарай 80 теңгеден 1000 теңгеге дейін жетеді. Жылыжайдың ландшафт дизайнері Маргарита Ситникова: «Әсемдік пен нәзіктік үйлесім тапқан гүлдерімізді тұқым күйінде топыраққа егіп, қылтиып өсіп, кейін көшіріліп отырғызғанда кез келген жерде тамыр жайып кететін күйге дейін баптаймыз. Гүлден басқа біз жемісі өте ірі болатын 45 түп лимон ағашын өсіріп жатырмыз. Алғашқы өнімінің дәмін таттық. Бұл істегі тәжірибеміз молайып келеді. Енді лимонды тұқымынан көбейтуді қолға аламыз»,    – деді.

Айта кетерлігі, 2015 жылы апорт алмасының көшеттерін егіп, жұмысын бастаған «Алма-Дария» шаруа қожалығының 8 гектар бағында 2,5 мың түп апорт алмасының бірнеше сұрпы бар. Алдыңғы жылы алғашқы жемісін берген алма бағының биылғы өнімі жақсы болады деген үміт зор.

Сырттан тасымалданатын гүлдің де, жеміс-жидектің неше түрінің де орнын отандық өнім басатын уақыт жетті. Ол үшін жергілікті шаруа қожалықтары тізе бүкпей еңбек етіп, өнімнің сапасын да, санын да арттыруға, ел ішінде қол-жетімді болуына маңыз бергені абзал.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.