Өрісті, өміршең жоба

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске қосқан «Бастау бизнес» жобасының 5 жылдығына арналған форумда қазақстандықтарға бейнеүндеу жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бастау бизнес» жобасына қатысушылар 1,5 трлн. теңге салық төледі», – деді.
Өрісті, өміршең жоба

«Биыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасы 5 жылдығын атап өтеді. Осы уақыттың ішінде бизнес негіздерін 150 мыңнан астам қазақстандық оқыды және әрбір үшінші түлек өз ісін ашты. Қазақстан бойынша 44 мыңнан астам бизнес-жоба әзірленді. «Бастау бизнес» түлектері 60 мың жаңа жұмыс орнын ашты және шамамен 1,5 трлн теңге салық төленді. Жобаның танымалдығы бизнес негіздерін оқу тәжірибеге басымдық беру және тегін болуында ғана емес. Оқу бітіргеннен кейін түлекке «Еңбек» бағдарламасы аясында жеңілдетілген шағын несиенің немесе гранттық қаржыландырудың қолжетімді болуы да маңызды мәнге ие», – деді Елбасы бейнеүндеуінде.

Бизнес-тренер «Бастау бизнес» жобасын бітірушінің кәсіпкерлік жобаларына бір жыл бойы қолдау көрсететіндігін, мемлекет өз бизнесін ашқысы келетін азаматтарды қаржылық, сонымен бірге, заңдық тұрғыдан жан-жақты қолдап келе жатқанына маңыз берген Елбасы ісін жаңа бастаған кәсіпкер туындаған проблемалармен жалғыз қалмайтынын жеткізді.

«Бұл, әсіресе, бүгінде бүкіл бизнес біз бастан кешіріп отырған жаһандық пандемия салдарынан қатты қысым көріп отырған жағдайда өте маңызды. Бұл жағдайда экономикалық екіұштылықты еңсеру және сол арқылы Қазақстанның бүкіл экономикасы мен халықтың жұмыспен қамтылуына мемлекеттік қолдау іс-шаралары көмек көрсетеді. Сарапшылардың бағалауынша, өткен жыл 20 ғасырдың 30 жылдарындағы ұлы күйзеліс уақытынан да күрделі болғанына қарамастан, біз ауқымды шығыннан жалтара алдық. COVID-19 пандемиясы мен сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлауына жауап ретіндегі Қазақстанның іс-қимылы батыл әрі дер уақытында болды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде көптеген сынақ пен қиындықты бастан кешірді. Бірақ, кез келген дағдарыстан біз сын-тегеуірін ғана емес, сонымен бірге, мүмкіндіктерді де көре алдық. Және де барлық уақытта да дамуымыздың басты қозғаушы күші бүкіл елдің табысы мен өзінің жеке жеңісі арасында теңдік белгісін қоя білген адамдар болды. Елдің гүлденуі оның азаматтарының әл-ауқатымен тікелей байланысты. Сондықтан, өзім жоғары бағалайтын «Бастау бизнес» бағдарламасының барлық қатысушыларына шынайы түрде табыс тілеймін. Бұл бағдарламаны бүкіл елде жалғастыру қажет», – деді Елбасы.

Еске сала кетсек, қаламызда «Бастау-бизнес» жобасы аясында бүгінге дейін кәсіптік білім алып, сертификат иеленгендер 294 адамды құрайды. Олардың ішінде 72 адам мемлекеттен қаржылық көмек алды. Елбасы атап айтқандай, табанды, еңбекқор азаматтар кәсіпкерлік жолда қиын мәселелермен ешқашан жалғыз қалмайды, мемлекет шынайы, адал, елжанды, іскер кәсіпкерлерге мүмкіндігінше қолдау көрсетеді.

 Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.