Жылыжай жұмысы жанданып келеді

Ғылым мен техника дамыған заманда жылыжай өніміне сұраныс еселеп артатыны анық. Бұл алдымен жергілікті тұрғындарды табиғи отандық өніммен қамтамасыз етсе, екіншіден, экологиялық таза өнімнің адам денсаулығына тигізер пайдасы мол. Осы орайда, Текелінің кіреберісінде 2015 жылы құрылған «Алма-Дария» шаруа қожалығы бүгінде жылыжай жұмысын жандандырып, гүл өсіру, жеміс ағаштары мен көкөністерді күтіп-баптауда. Интенсивті-инновациялық жаңалықтарға негізделген нысанда биыл алғаш рет 40 мың дана гүл жайқалып, 50 түп лимон ағашы бой көтеріп келеді. Осындай озық жобаның авторы, шаруа қожалық директоры, жаңашылдыққа жаны құмар азамат Олег Канды әңгімеге тарттық.
Жылыжай жұмысы жанданып келеді

 – Олег Станиславович, қала халқы сізді білімді дәрігер, білікті басшы ретінде жақсы таниды. Ал, ауыл шаруашылығы саласына келуіңіздің сыры неде?

 – Бала кезімнен, нақтырақ айтсам, 7 сыныптан бастап дәрігер болуды армандадым. Семейдегі медициналық институтты аяқтап, 1974 жылдан бері Текеліде дәрігер болып қызмет істедім. 2010 жылы зейнеткерлікке шыққан соң, «Алтын Шажа», Текелі профилакторийінде біраз жұмыстар жасадым. Ауыл шаруашылығы мен үшін таңсық дүние емес, неге десеңіз, бала кезімнен осы саладамын десем артық болмас. Ата-анам агроном болған. Өзіміздің бау-бақшамызда еңбек етіп, сол кезден бастап бұл істің қыр-сырын меңгере бастадым. Дегенмен, заман ағымынан қалыспау үшін қай салада болсын әрдайым білім мен білікті арттырып отыру маңызды.

– «Алма-Дария» шаруа қожалығының жұмысы жөнінде баяндап берсеңіз...

– Барлығы 2220 түп ағаш бар. Оның ішінде шетен, емен, қырым қарағайы, талшын, жасмин, шырша, алма, алмұрт, сары өрік, айва, қара өрік ағаштары жетіліп келеді.

Сондай-ақ, Талғар ауданынан жерсіндірілген импорттық алма көшеттері де жетерлік. Бүгінде біздің басты мақсатымыз – тәлімбақ жасау. Онда қылқан жапырақты ағаштар, сәндік, аласа бойлы ағаштарды өсіруге басымдық береміз деп жоспарлап отырмыз.

Алғашқы көшеттер 2015 жылы отырғызылса, негізгі ағаш көшеттері 2017 жылы отырғызылған. Сол себептен, былтыр ғана алғашқы өнімімізді алдық. Биыл, әрине, қамбамыз қомақты боларына сенім мол.

Топырақты өңдеп, күз-қыс айларында нарықта сұранысқа ие брокколи, брюссель қырыққабаты, түрлі-түсті қырыққабат, салат жапырақтары, аскөк өнімдері болуын қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, Өскеменнен әкелінген 50 түп лимон ағашы бар. Бір лимонның салмағы 800 граммнан асады. Экологиялық таза өнімге баса назар аударамыз. Қажетті талдаулардың барлығын жүзеге асыру мақсатында өз зертханамызды ашамыз. Интенсивті тәлімбақтың басты мақсаты да сол – шағын учаскеде барынша сапалы әрі мол өнім өндіру.

 

– Гүл өсіру туралы айтсаңыз...

– Алғашқы сынама ретінде биыл бірінші рет 40 мың дана гүл өсірдік. Ол –
қала, ауыл ажарын абаттандыру үшін барлық гүлзарларда, саябақта, көшенің жиектерінде, жалпы адамдардың көз жауын алатын, әсемдік үшін өсірілетін петунья, сальвия, цинерария, циния, лобелия, агератум және тағы басқа түрлі гүлдер. Негізінен, Талдықорған қаласы мен Сарқанд ауданына жөнелтілді. Келесі жылға 60-70 мың гүлге тапсырыс түсіп отыр. Сондықтан, келесі жылы 150 мыңнан астам гүл өсіруді жоспарлап отырмыз. Біз өсіретін петунья гүлі бір түбінен 3-4 дана гүлден шығатынымен ерекшеленеді.

– Қандай суару әдісін қолданасыздар? Ал, жылыту жүйесі қалай жүзеге асады?

– Бізде қатты отынмен жылытылатын қазандық бар. Қыстың суық кезеңі желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында электр жылыту жүйесін пайдаланамыз. Ал, қалаға газ келгенде, әрине, газ арқылы жылыту әдістерін қарастыратын боламыз. Болашақта күннен қуаттанатын батареялар орнатуды да жоспарлап отырмыз. Суару әдісіне тоқталсам, бізде екі ұңғыма бар. 2017 жылы 25000 куб сыйымдылығы бар су қоймасын қаздық. Ұңғымадан қоймаға құйылған су бірден суаруға пайдаланылмайды. Неге десеңіз, ол су минералданып, микрофлора пайда болғанша тұруы қажет. Суару үшін жылы су ең пайдалы су болып табылады. Өкінішке орай, биыл бізде техникалық апат орын алғандықтан, арық жүйесі арқылы суарып келеміз. Қазір тамшылатып суаруға арналған құбырларды орнату жұмыстарын бастап жатырмыз. Тәлімбақты толықтай осы әдіспен суару жүйесіне көшіреміз. Яғни, әр ағаш тәулік бойы су тамшылары арқылы ылғалданып тұрады, бұл әдіс судың өсімдік тамырына жетуіне септеседі. 

– Зиянкестерден қорғанудың құпиясымен бөліссеңіз...

– Бізде бу генераторлары бар. Жылыжайдағы науалардағы топыраққа +180, 200 градуста бумен толыққанды өңдеу жүргіземіз. Барлық зиянкестер, арамшөп тұқымдары, аққұрттар өледі. Тыңайтқыш тек табиғи болады, ешқандай химия қосылмайды. Біздің топырақ 4 құрамды: шымтезек, қарашірік, көң және 10% құм.

–  Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Біз агрохолдинг құрсақ деген жоспарымыз бар. Тек қана бақшамен айналыс-пай, көкөніспен, мал шаруашылғымен, жеміс-жидекпен де айналысып, өнімдерді өңдеу ісін де қолға алсақ дейміз.

Жеміс-жидек қоймасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ол жерде -180 градуста 10 минуттың ішінде өнімдерді тез арада қатыратын арнайы мұздатқыштар болады. Сондай-ақ, жемістер мен көкөністерден балаларға арналған пюре жасап, өнімдерді өңдеу ісіне баса мән бермекпіз.

Күзге таман күніне 20-25 литр сүт беретін 100-150 бас асыл тұқымды сауын сиыр ұстаймыз. Біздің сүт өңдеу цехымыз бір ауысымда 500-800 литр сүтті өңдейтін қуаттылығы бар, яғни, екі ауысымда жұмыс жасаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап иппотерапия ашамыз. Балалар атқа мініп қана қоймай, оларды сипалап, тілдессін деген ниет бар.

Қала тұрғындарына, балаларға арнап жылыжайдың бір бөлігінде тропикалық бақ ұйымдастырмақпыз. Экзотикалық бұталар мен гүлдерді, банан, ананас, манго, анар және тағы басқа жемістерді өсіріп, әсіресе, балалар келіп көріп, тамашаласа екен деймін. Себебі, мұны көрген баланың дүниетанымы өзгереді, білсем-көрсем деп талпынады. Өскелең ұрпақты бала кезінен әсемдікке, еңбекке баулу керек.

– Шаруа қожалығында қанша адам жұмыспен қамтылған?

– Барлығы 11 адам жұмыс жасайды. Өз ісінің маманын табу – ең үлкен мәселе. Бізге механизатор жұмысшы қажет. Басқа да жұмысшыларды қабылдаймыз.

– Қазіргі жастарға қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Адам баласы айлық алу үшін ғана жұмыс жасауы қажет деп ойламаймын. Оның мамандығына деген қызығушылығы болып, жұмысынан ләззат алуы маңызды. Бірінші кезекте мамандығына деген ынта болуы керек. Сонда ғана ол бір нәтижеге, жетістікке қол жеткізеді. Сондықтан, жастарды еңбекқор болуға, жаңашылдыққа талпынуға, батыл болуға кеңес беремін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұржан Махаббатқызы

 

 

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.