Жүйелі жұмыс нәтижесі

Жақында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қалалық филиалында «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің бүгіні мен болашағы» тақырыбында ZOOM платформасы арқылы қалалық семинар өтті.
Жүйелі жұмыс нәтижесі

Семинарға Мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлері қатысты. «Бүгінде қазақ жазуын латын графикасына кезең-кезеңмен көшірудің іс-шаралар жоспарына сай, осынау аса ауқымды және маңызды үдерісті сүйемелдеу бойынша орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық бағыттағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде.

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары «Қазақ тілінің орфографиясының жаңа ережелері» жобасын әзірледі. Латын графикасына көшу барысы туралы ақпараттар пен барлық деректер қамтылған «Qazlatyn.kz» ұлттық порталы жұмыс істейді. Онда жаңа әліпбиге байланысты барлық ақпараттар, инновациялық жобалар бар. Айталық, мемлекеттік тілді оқыту бойынша веб-сервис «Tilqural.kz» және «Sozdikqor.kz» осы порталда.

Айта кетерлігі, латын әліпбиі туралы балалар санасына сәуле түсіру мақсатында латын әліпбиінде титр жасалған 3D форматта мультфильм әзірленді. «Тіл-Қазына» орталығы жаңа әліпбидің орфографиялық ережелерін зерделеу бойынша сыныптар ашты. Жаңа әліпбиге байланысты фонетиканы, орфографияны, сондай-ақ, түркі тілдес мемлекеттердің латын графикасын пайдалану тәжірибелерін саралау бойынша тіл мамандарының, ғалымдардың қатысуымен дәрістер өткізілуде. Міне, бұл атқары-лып жатқан ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана». Осылай деген филиал директоры Айгүл Қалысбаева латын қаріпті жаңа әліпбиді қолданысқа енгізу бағытындағы жұмыстардың барысына тоқталып, жаңа әліпбидің болашағына зор сенім білдірді.

Орталық оқытушысы А.Алимбаева жетілдірілген әліпби жобасымен таныстыра отырып, көздағды, қолдағды қалыптастыру мақсатында практикалық жұмыс жүргізді.

Семинардың соңында қатысушылар әліпби туралы өз пікірлерін білдірді.

 Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.