Жаңа үй пайдалануға берілді

Текелі қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 40 пәтерлі жалдамалы үй пайдалануға берілді. «Достық» шағынауданы Сейфуллин көшесіндегі жаңа үйге көп балалы, жетім, әлеуметтік осал топтағы тұрғындар қоныстанып жатыр.
Жаңа үй пайдалануға берілді

Текелі қаласының 70 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күніне орай жаңа пәтердің кілттерін иелеріне салтанатты жағдайда табыс еткен қала әкімі Батыр Молдахметов баспаналы болған жандарды құттықтап, жаңа қоныстың жайлы, берекелі болуын тіледі. Көптен күткен пәтерлерінің кілтін алған тұрғындардың көңілі толқулы, ерекше қуанышта, әсіресе, мама қаздың соңынан ерген балапандардай аналарымен бірге келген балақайлар мәз-мейрам. Жалпы аумағы 2500 шаршы метр болатын жаңа үйдегі 30 пәтер – үш бөлмелі, 10 пәтер – екі бөлмелі.  

Жаңа үйдің лентасы қиылып, шашу шашылған соң әр отбасы жаңа пәтерлерінің босағасынан аттады. Үш бөлмелі пәтер алған көп балалы ана Баршагүл Шаупий: «Қуанышымда шек жоқ. Алғысымды сөзбен қалай жеткізерімді білмей тұрмын. Жолдасым Текелі кенді қайта өңдеу кешенінде горновой болып жұмыс істейді. Екеуміз 2010 жылы шаңырақ құрдық. Мен «Шапағат» арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығында санитар болып істеймін. Үш ұл, бір қызымыз бар. Кенжеміз дүниеге келген кезде көп балалы ана санатында тұрғын үй кезегіне тіркелгенмін. Міне, үлкен арманымыз орындалды. Балаларымның несібесі ғой. Көп балалы отбасылардың баспаналы болуына осындай мүмкіндік беріп отырған елімізге рахметім зор. Мемлекеттен қолдау көрген жас аналар өмірге ұрпақ әкелуден қорықпай, демографияға үлес қоса береді деп ойлаймын. Әйтпесе, бала-шағамен біреудің аядай үйін не пәтерін жалдап, көшіп-қонып  жүрудің тауқыметін бір кісідей тартқан адаммын. Қаламызда жаңа үйлер көбірек салынып, үйсіз-күйсіз жүргендердің барлығына баспана бақыты бұйырса деп тілеймін»,– деп ағынан жарылды.

Тұрғын үй құрылысы, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту мен дамыту саласындағы мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын шоғырландырған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Текеліде биыл тағы бір 40 пәтерлі жаңа үй салынбақ. Келер жылдары салынатын екі үйдің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу қолға алынды.   

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.