Мәдениетті өзімізден бастау керек

Осы аптада «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бас маманы Аяулым Манибекова алдымен Текелі қалалық ауруханасында, кейін кәсіптік колледжде болып, қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы күрестен қалыс қалмау бойынша әңгіме өрбітті.
Мәдениетті өзімізден бастау керек

Жалпы елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, жалпықоғамдық төзбеушілікті қалыптастыру, Алматы облысының мемлекеттік басқару институтына азаматтардың сенімін арттыру мақсатында құрылған жобалық кеңсенің бүгінгі күнге дейін қолға алған нәтижелі бастамаларына тоқталған А.Манибекова сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың аса қажеттігі, халықты ақпараттық ағарту жұмыстарының тиімділігі жайлы таратып айтты. Әр мекемеде комплаенс-офицердің болуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға және ішкі бақылауды оңтайландыруға, бақылауды жеделдетуге оң ықпал ететінін жеткізген маман бұл бағыттағы жұмысты ширата түсуге назар аударды. Бүгінгі таңда медицина маңайында да сыбайластықтың көріністері ашық әшкереленіп жатқанда тамыр жаюы жылдам жүретін жемқорлықтың шырмауына түспеу үшін заңдық тетіктерді тиісінше пайдаланып, ашық әрі сенімді жұмыс жүргізу талап етілетіні айтылды.

Ал колледж ұжымы және бүгінгі студент, ертеңгі мамандармен жүздесу барысында А.Манибекова сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзегі әрқайсымыздың санамызда болуы керектігі, күресті алдымен әркім өзінен бастауы қажеттігі жайлы ой қозғады. Шын мәнінде, біреудің қателескенін көре қоятын басымыз өзіміз жақсы баға алу үшін не жылдам қызмет алу үшін, айыппұлдан жалтару үшін «сыйлық» жасау арқылы өзімізді де, өзгені де жемқорлықтың батпағына батырып жатқанымызды аңғармаймыз. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптаспағанын көрсетеді. Кездесу барысында әркім жемқорлықпен күрес турасында өзінше ой түйгені анық. Текелі кәсіптік колледжі директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Малаева оқу орнында комплаенс-офицер маманы қызмет атқаратыны, жыл сайын студенттерден сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында онлайн сауалнама алынатыны және «Таза сессия» жобасы аясында арнайы сенім жәшігі орнатылғаны жайлы баяндады.

Жиын соңында «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бас маманы екі ұжымға да кез келген уақытта өздерінен кеңес алуға болатынын айтып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығы тұрақты жұмыс істейтінін хабарлап, ақпараттық парақша таратты.

 Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.