Адамның алтын діңгегі

Қайталанбайтын жылылық пен мейірімнің мекені отбасының қасиеті айырықша екені даусыз. Отанның отбасынан басталатынын айтқан бабаларымыз елжандылық, адам-гершілік, ар мен абырой, мәдениет – бәрі-бәрі туып-өскен ұядағы тәрбиеден бастау алатынын меңзесе керек. Отбасылық құндылықтардың құлдырауы жалпы адамзаттың өркендеу өрісіне кері әсер ете бастағандықтан, әлем болып жоғалтқанды қайтаруға, отбасының рөлін айшықтауға бетбұрыс ретінде 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен 15 мамыр Халықаралық отбасы күні болып бекітілді.
Адамның алтын діңгегі

Жаһандану дәуірінің тегеурініне төтеп беру мүмкін емес дегенді алға тартып, біз көптеген ұлттық құндылықтарымызды, тәлім-тәрбие, өнеге мектебін құрдымға кетіргенімізді аңғармай келеміз. Бұл мәселеге әлем жұртшылығы алаңдау-шылық танытып отырғанда, қазақтың да етек-жеңін жинауға мән бергені абзал. Шаңырақтың киесін, оттың жылуын сақтап, ошағының сөнбеуін, ұрпағының иманды, салауатты болуын көздеген халқымыз тәлім-тәрбиенің асыл мәйегін бала құрсаққа біткеннен бастап сіңірген. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдардың негізінде бала тәрбиесінің алтын діңгегі менмұндалайды. Бала отбасында өсіп, азамат болып қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақалды жиі айт-қанымызбен, кей ретте тереңіне бойлай алмай жүргеніміз рас. Балаға сөзбен айтып қана тәрбие беру мүмкін емес-тігін өмірдің өзі дәлелдеп берген. Отбасындағы сыйластық, сүйіспеншілік, ізгі қарым-қатынас, әке мен ананың, ата мен әженің мейірімі, қамқорлығы, тезге салуы, үлкен өмірге бейімдеуі, адам-дықтың, адалдықтың жолын үлкендердің өз ісімен көрсетуі желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді орнықтырады. Өскен ұясында игі қарым-қатынасты көріп, мейірім мен махаббатқа бөленіп өскен бала жүрегі ертең Отанын да шексіз сүйе алады. Алып Отанның кішкентай бір бөлшегі, шағын мемлекеттің қоғам үшін орны зор екені осыдан көрінсе керек.

Шағын ғана Текелі шаһарында тағдыры сан қилы қаншама отбасы бар. Қара ормандай әулет атанып, өнегелі ұрпақ өрбітіп, айналасына үлгі болып отырған жанұяларды жұрт таниды, олар жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында да айтылып, жазылып жатыр. Дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, өнегелі өмір жолын паш еткен отбасылар да баршылық. Атап айтсақ, Ақылбековтер, Тұғылбаевтар, Дүйсебаевтар, Бүркітбай Файзолла, Қырғабақовтар, Қабиевтер, Сидехменовтер, Ботантаевтар, Бацких, Саркуловтар, Ковальчук-Тыщенколар отбасының өскелең ұрпаққа жөн сілтер дәстүрлері, темірқазық тұтар үлгілері баршылық.

Қалалық АХАЖ бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Текеліде 161 жас отаудың шаңырағы көтерілсе, 41 жұптың некесі бұзылған. Ал биыл жыл басынан 56 жас отбасының некесі қиылса, 18 жұп ажырасып кеткен. Керегеміз кеңейіп, жас отаулар еншісін алып жатқанда қуанышымызда шек болмайтыны секілді, шаңырақтар шайқалып, сүйіспеншілікке сызат түсіп жатқанда қатты қамығамыз. Жастар отбасын құрудағы жауапкершілікті толық сезінбегендіктен, өмірдің ыстық-суығын, жеке бастың қалауы мен отбасының алдындағы қасиетті борышты терең түйсінбегендіктен, ошағының отын сөндіруге жеңіл-желпі қарайтын болды. Бұл да біздің ұлттық тәрбие, салт-сана, рух, ар-ождан алдындағы ұятты тұсымыз.

Осындайда отбасының, әулетінің арнамысын таптатпайтын, шалыс басқандарды ақылымен, қабағымен түзейтін бұрынғылардың болмысына тағы бір таңғаласың. Бірінен-бірінің білімі озған заманда адами, отбасылық құндылықтардың табанға тапталғаны жақсы дүние емес. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенінің астарында да көп мағына жатқанын ойлай жүрейік. Отанды сүю отбасынан басталатынын естен шығармайық.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.