Нұр-Сұлтан қаласында еңбек ардагерлері мен «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Қазақстан астанасында «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» атты республикалық форум өтті. Республика тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шара барысында еңбек ардагерлері мен «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Нұр-Сұлтан қаласында еңбек ардагерлері мен «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Форум жұмысын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ашты. Ол өз сөзінде Үкімет нақты нәтижелі еңбекке негізделген қоғамды әлеуметтік жаңғырту саясатын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі форумды өткізу – қазіргі қоғамдағы «еңбек адамының» беделінің артуының айқын дәлелі. 2012 жылы Елбасы біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға бағытталуға тиіс екенін айтып өтті.

Бүгінгі таңда Үкімет пен әкімдердің алдында Мемлекет басшысы қойған басым міндет тұр – бұл қазақстандықтардың табысы мен әл-ауқатының артуын қамтамасыз ету. Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан экономикасының жоспарлы қалпына келуі жалғасып, ол 3% - ға өскені көрінді. Есепті кезеңде негізгі трендтер шеңберінде нақты сектор мен қызмет көрсету саласында оң өсім, өндіруші емес секторлардағы инвестициялардың жоғары өсімі, оң сауда теңгерімінің сақталуы байқалады», – деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындайтынын, зейнетақы мен жәрдемақылар төленетінін, әлеуметтік көмек көрсетілетінін, еңбекақының көтерілетінін, қазақстандықтарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар іске асырылатынын, еңбекшілерді, кәсіпкерлерді және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың өзге де кешенді шаралары қабылданатынын еске салды.

Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өсуі мен халықтың әл-ауқатының басты құрамдас бөлігі ретінде еңбектің құндылығын және жастарды еңбексүйгіштікке баулу қажеттілігін атап өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біздің министрлік жыл басынан бері «Еңбек – елдің мұраты» арнайы жобасын іске асыруда, оның мақсаты – қажырлы еңбегінің арқасында жетістікке жеткен адамдардың беделін арттыру арқылы өскелең ұрпақтың бойынша еңбекқорлық қасиетін тәрбиелеу. Арнайы жобаны сапалы жүзеге асыру мақсатында нақты іс-шаралар жоспарын бекіттім», – деді Серік Шәпкенов.

Мәселен, еліміздің жалпы білім беретін оқу орындарында еңбек ардагерлері мен өткен жылдардағы «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздарын тарта отырып, «Сенің таңдауың» жұмыспен қамту сабақтары өткізіледі, кәсіпорындар мен өндірістерде оқитындар үшін Ашық есік күндері ұйымдастырылады. Теледидар мен әлеуметтік желілерде еңбек әулеттері, үнемі жаңа білім мен дағдыларға үйреніп жүрген азаматтар, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына елеулі үлес қосқан адамдар туралы хабарлар ұйымдастырылды.

«Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айындағы Жолдауында басты міндеттердің бірі жастардың бойына патриотизм, білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік, ынтымақтастық және жауапкершілік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды дарыту болып табылатынын атап өтті. Бұл міндетті іске асыруда жастармен күнделікті өмірлік және кәсіби тәжірибесімен бөлісетін аға ұрпаққа, тәлімгерлерге маңызды рөл беріледі», – деп атап өтті Еңбекминінің басшысы.

Форум аясында еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету және «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

 Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «Еңбек ардагері» медалін және еңбек ардагерлері Жанқылыш Ражановқа, Диларам Савутоваға және Ғазиз Алдоңғаровқа сыйлық сертификаттарын табыс етті.

Республикалық комиссияның отырысында «Еңбек жолы» республикалық конкурсының лауреаттары конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпаздары қатарынан іріктелді. Комиссия құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, «Атамекен» ҰКП, «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері және әлеуметтік әріптестер кірді.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясында Шығыс Қазақстан облысынан келген Белогорцевтер әулеті жеңімпаз болып танылды. Екінші орынды Ақтөбе облысынан келген Жамановтар әулеті алса, үшінші орынды Қарағанды облысынан келген Куриновтар әулеті иеленді.

Маңғыстау облысынан келген Юсиф Кулиев жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері танылды, екінші және үшінші орындарды Павлодар облысынан Наталья Акиншина және Алматы қаласынан Светлана Габдушева иеленді.

Өндірістің үздік жас қызметкерлері: Батыс Қазақстан облысынан Рафхат Аяпов (1 орын), Ақмола облысынан Әділбек Әшімов (2 орын) және Түркістан облысынан Ілияс Сүйерқұл (3 орын).

«Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздарына естелік дипломдар мен сыйлық сертификаттарын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Абзал Ералиев, сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС, «Еуразиялық Топ» ЖШС және «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ өкілдері табыс етті.

Белгілі қазақстандық орындаушылар Жанна Сандыбаева, Әлібек Әлмадиев, Айдар Нұрмағанбетов және Нұрлыбек Төлепберген еңбек ардагерлері мен «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздарына сазды құттықтау арнады.

https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/276346?lang=kk

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.