Салғырттыққа жол берілмейді

Осы аптада қала әкімі Батыр Молдахметов құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралады.
Салғырттыққа жол берілмейді

Алдымен Абылай хан көшесінде салынып жатқан әкімшілік ғимаратта болып, құрылыстың қазіргі қарқыны мен сапасына назар аударды. Екі қабаттан тұратын ғимараттың құрылыс жұмыстары биыл көктемде басталған. Мердігер компания – алматылық «Керуен-Сервис» ЖШС. Келісімшарт бойынша нысан қазан айында пайдалануға берілуге тиіс. Қазір ғимараттың іргетас, бұрыш, қабырға тіректері мен төбе бетондары құйылып болды. Компания басшылығы барлық жұмыстар кесте бойынша, техникалық талаптарға сай жүргізіліп жатқанын, межелі мерзімде пайдалануға берілетіндігін жеткізді.

Осыдан соң қала әкімі «Достық» шағынауданында бой көтеретін екі бірдей тұрғын үйдің құрылыс барысымен жан-жақты танысты. Бірі Әл-Фараби, енді бірі Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан 40 пәтерлі 2 үйді талдықорғандық «Шымыр» компаниясы салып жатыр. Бүгінгі таңда жұмыстардың 30 пайызы игерілген. Барлық жұмыстар қарашаға дейін аяқталады деп күтілуде.

Баршаға белгілі, ел азаматтарын жайлы баспанамен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің әлеуметтік даму бағдарламасының басым бағыты. Осы мақсатта қаламызда да тұрғын үйлер салынып, үй кезегінде тұрған азаматтарға берілуде. Жалгерлік санаттағы үйлер, әсіресе, көп балалы, аз қамтылған, көмекке мұқтаж жандарға, сондай-ақ, жас отбасыларына, жас мамандарға қуаныш сыйлауда. Жаңа үйдің кілтін алып, көңілі тасыған жандар сапасына байланысты жабырқамауға тиіс. Баспаналардың жайлы, мықты болуы іргетасынан бастап құйылатын әр шаршы метр бетонға, қаланатын әрбір кірпішке, сыланатын қабырға мен төбеге, қойылатын терезе мен есікке байланысты. Бұл бәрімізге ортақ жауапкершілік жүктейді. Тұтас ғимараттың келісті кел-беті мен ішкі бөлмелерінің еңселі, жарық, жылы, ақаусыз болуы үшін құрылысшылар күнделікті жұмысын кәсібилікпен, азаматтық жауапкершілікпен атқарулары, компаниялардың жауапты тұлғалары мемлекеттің қазынасынан бөлінген қаржыны қатаң қадағалап, әрбір тиынына дейін тиімді бағыттауы тиіс. Осыны алға тартқан қала әкімі мердігер компания басшысына, техникалық қадағалау салаларының өкіл-деріне, өндірістік сала бойынша орынбасары Елдос Сәкенұлы мен кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Аман Тұтқабайұлына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қала әкімі, сонымен бірге, №6 орта мектебіне барып, оқу ғимаратының ішкі-сыртқы әрлеу және ауланы абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға баса назар аударды. Жауапты компания басшысына барлық жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін толықтай аяқтауды тапсырды.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.