Санаға сілкініс керек

Әр апта сайын «Жетісу адалдық алаңы» жобасы аясында Текелі қалалық ақпараттық үгіт-насихат штабының тікелей эфирлері ұйымдастырылып келеді. Өткен аптада №8 орта мектебінің директоры Жанар Жаакпековамен «Парасаттылық – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі» тақырыбында сұхбат өтті.
Санаға сілкініс керек

Сәрсенбілік сұхбат қонағы болған мектеп басшысы парасатты қоғам құру үшін санаға сілкініс, салқын ақыл мен ыстық қайрат керектігін, осы орайда қоғамның бұлтарысы көп бұралаңдарда адасып қалмай, бағыт нұсқар темірқазығын бағдар етіп, дұрыс бағытта дамуы үшін өзгерісті әр адам өзінен бастауы қажеттігін айтып, адалдық ұстанымдары жайлы ой бөлісті.

Мемлекет басшысы: «Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеу керек. Әділет министрлігіне көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Білім және ғылым министрлігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қолға алған жөн»,– деген болатын. Ж. Жаакпекова осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

«Бүгінгі күні парасаттылыққа негізделген қоғамды құруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім көзін алуды мектеп қабырғасынан бастауға баса назар аударылып келеді. Осы мақсатта 2019 жылдан бастап еліміздің жоғары сынып оқушылары арасында парасаттылық идеологиясының ауқымын кеңейтуге және терең білімнің маңыздылығын түсіндіруге бағытталған жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» акциясы бастау алған болатын.

Бүгінде коронавирустық инфекцияның таралуына қарамастан, білім алушыларды адалдық пен әділдік сынды құны биік қасиеттерге үндейтін бұл игі дәрістер өз маңыздылығын жоғалтпай, тікелей кездесулер онлайн-дәрістерге көшу арқылы өз жалғасын табуда», – деді Жанар Жаакпекова.

«Жетісу – адалдық алаңы» жобасының мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету бағытында сыбайлас жемқорлықты азайту, халықтың билік органдарына деген сенімін арттыру. Сонымен қатар өскелең ұрпақ бойына адалдық, әділдік, парасаттылық сынды қасиеттерді сіңіру болып табылады. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – қоғам алдындағы ортақ борышымыз.

Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.