Әке – баланың бағдаршысы

Халықаралық әкелер күніне орай өткізілген онлайн сұхбатта қалалық Керімбек би мешітінің ұстазы Нұржол Ғазизұлы «Отбасындағы әкенің рөлі» тақырыбында ой өрбітті.
Әке – баланың бағдаршысы

Сұхбатты облыстық дін істері басқармасы дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының Текелі қаласы бойынша біліктілігі жоғары деңгейлі маман-дінтанушы Мағжан Мұхамет жүргізді.

Халқымыздың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейтін ғибратты сөзінде нақты іс-әрекеттің, шынайы болмыстың бала тәрбиесіндегі маңыздылығы тайға басқан таңбадай менмұндалап тұр. Сұхбат барысында тараптар ұлттық ұстанымды алға шыға-рып, отбасындағы әкенің рөлін айқындайтын міндеттерге баса маңыз берді. Айталық, ұлағатты ұрпақ тәрбиесі жігіттің жар таңдауынан басталады. Яғни, болашақ ұрпағының анасы болатын адамның кім екенін, қандай отбасынан шыққанын, білімін, тәрбиесін алдын ала зерделеп алудың еш әбестігі жоқ. Қазақтың шыққан текке мән беруі осыны айғақтайды. Екінші, балаға жақсы есім қою керек. Тарихи, белгілі тұлғалардың есімі балаға есейе келе мақтаныш сезімін сыйлайды, сонымен бірге, жауапкершілік те жүктейды. Үшінші, бала есейіп, қоғамнан өз орнын тапқанға дейін дұрыс мәміле жасап, тәрбиелі іс-әрекетімен үлгі-өнеге бола білудің жөні тіпті бөлек. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейтін өмір қорытындысының айтары да осыған саяды.

Бұрындары отбасындағы отын дайындау, су әкелу, малдың жем-шөбін беру, қора-қалтқыны тазалау, үйді жинастыру секілді жұмыстардың бәрін балалар тындыратын. Отағасы тапсырма беріп, сырттай қадағалап отыратын. Бұл адамды еңбекке, ептілікке, жауапкершілікке тәр-биелейтін үлкен мектеп еді. Қазір бәрі керісінше болып кетті. Баланы мәпелеп, қатарынан қалмасын деп қиындықтан қорғап, ыстық-суығына өзіміз түсеміз. Бала күнінде, жас кезінде еңбек істемеген адам есейгенде оспадар, икемсіз, орашолақ, аянкөс болып, ырықтылығынан айырылып, басқаларға иек артуға мәжбүр болады. Өмірдегі қиындықтар, бүгінгі тілмен айтқанда, ба-қытсыздық осыдан бас-
талады. Тіршіліктің тар жол, тайғақ кешулеріне төзе алмай кейбіреулері, тіпті, борша морт сынады.

Сол кездегі аналар үнемі: «Әкеңнің киімдерін жоғары қой», «Әкеңді асқа шақыр», «Әкеңе айтамын», «Әкең келе жатыр», «Әкеңнен рұқсат сұра» деген сөздермен де отбасындағы әкенің десін, орнын бала санасына біліндірмей сіңіріп отыратын. Әкенің десімен, тәрбиесімен өскен бала ер мінезді, намысшыл болып, дербес тіршілік ете алады. Халқымыз: «Әке – асқар тау» деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан, отбасын асырай жүріп, балаларын еңбекке, білім мен өнерге, адамгершілікке, ұлттық болмысқа баулитын әкенің баяғы болмысын қайта түлетуге күш салуымыз керек. 

Міне, мұның бәрі бала алдындағы әкенің міндетін, жауапкершілігін айқындайды. Осылай деген Н.Ғазизұлы ислам ғалымдары ішінде зор ықпалға ие Әбу-Ханифаның әкесі Сәбит, халқымыздың ғұлама ақыны ұлы Абайдың әкесі Құнанбайдың өмірлік ұстанымдары, еліне жеріне деген адалдығы, қарапайым, еңбекқорлығы, ғылым мен өнерге деген биік құрметі секілді толып жатқан адами қасиеттері олардың отбасында тұтас адамзатқа жарық жұлдыздай сәуле шашқан ұлы тұлғалардың өсіп-жетілуіне ықпал еткенін нақты дәлелдермен сипаттап, тыңдармандарына терең ой сала білді.        

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.