Бүкпесіз жауап – нақты нәтиже

Биыл күзде елімізде халық санағы өтеді. Ұлттық статистика бюросы халық санағы шартты екі кезеңнен тұратынын атап өтті. Бірінші кезең 1-30 маусым аралығын қамтиды. Ал екінші кезең 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін жалғасады. Текелі қаласында халық санағына дайындық қалай жүріп жатқанын қалалық статистика басқармасының басшысы Аида Алимбердиевадан сұрадық.
Бүкпесіз жауап – нақты нәтиже

– Халық санағы – жауапкершілігі мол жұмыс. Қазіргі таңда биылғы санаққа дайындық және өткізу жөніндегі нұсқаушылар бекітіліп, жұмысын бас-тап кетті. Бірінші кезеңде интервьюерлер тұрғын үйлерді және онда тұратын тұрғындардың санын  анықтайды, ғимараттардың, тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасайды. Бұл арқылы қала нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлінеді.  Жалпы Ұлттық санақ кезінде тұрғылықты жерінде жүрген Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, шетелде жүрген қазақстандық дипломаттар, ұзақ мерзімді қызметтік іссапарға байланысты 12 ай және одан көп уақыт шетелде жүрген Қазақстан азаматтары, Қазақстанда тұрақты тұратын, бірақ 12 айдан аз мерзімге қызметтік іссапарға, келісімшарт бойынша жұмысқа, оқуға шетелге уақытша кеткен адамдар, Қазақстанда тұрақты тұратын және шетелге уақытша демалуға, емделуге, туыстарына немесе таныстарына қонаққа кеткен адамдар, тіркеу құжаттарын рәсімдеп үлгермегендер немесе тұрғылықты тұруға ықтиярхат алмағандарды қоса, шетелден Қазақстанға тұрғылықты тұруға немесе пана іздеп келген Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, 12 айдан көп мерзімге шетелден Қазақстанға жұмысқа немесе оқуға келген қазақстандықтар, шетелдіктер және азамат-тығы жоқ адамдар есепке алынады, – деді.

Айта кетерлігі, биыл халық санағы онлайн-санақ және дәстүрлі үй-үйді аралау секілді екі әдіспен өтеді. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында тұрғындардың sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн-санақтан өтуіне мүмкіндік жасалған.

Сайтқа жеке сәйкестендіру нөмірін, (ЖСН), ұялы телефон нөмірін және құпия сөз енгізу арқылы тіркеліп, сауалдарға жауап беруге болады. Санақтан өткен соң, әркімнің ұялы телефонына оның санақтан өткендігі туралы хабарлама келеді. Осы хабарламаны санақ жүргізетін интервьюерге көрсеткен жағдайда олар екінші рет сауалнамадан өткізбейді. 1-30 қазан аралығында үй-үйді аралайтын интервьюерлер онлайн-санақтан өтпеген тұрғындардың мәліметтерін планшетке енгізеді. Мұнда ЖСН-ді қолдану ақпараттың қайталанбауына мүмкіндік беретіні анық.

Сонымен қатар, санақ жүргізуші интервьюерлерді басқа адамдармен шатас-тырмайсыз. Оларда міндетті түрде тиісті куәлік, қолдарында арнайы портфель, планшет, мойындарында шарф болады.

«Биылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша Рудничный ауылымен қоса есептегенде Текеліде 33410 адам тұрады. Санақтан соң бұл дерек өзгеруі мүмкін. Сондай-ақ, қаланың әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесі айқындалады. Барынша нақты ақпаратқа қол жеткізу үшін тұрғындардан шынайы жауап берулерін сұраймыз. Себебі, олардың берген жауабы тексерілмейді, құжат талап етілмейді. Бір сөзбен айтқанда, халықтың жауабына сеніп, санақтың қорытындысын шығарамыз», – деген А.Алимбердиеваның өтінішін естен шығармаған абзал.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.