Күш біріктіріп күрескен абзал

Сыбайлас жемқорлық өте қауіпті жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі болып табылады.
Күш біріктіріп күрескен абзал

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне, заң мен әділдікке, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Қазынашылық органдарында да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу және болдырмау мақсатында бірқатар профилактикалық жұмыстар атқарылуда.

Текелі қалалық қазынашылық басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-кимыл жұмысындағы басымдықтардың бірі – олардың алдын алу. Құқықтық мәдениетін арттыру және құқықтық ағарту бойынша 2020 жылы қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған 3 техникалық оқу өткізілді; 2020 жылдың 2 қазанында «Текелі тынысы» қалалық газетінде «Басты мақсат – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу» тақырыбында мақала жарияланды; қаржылық бақылау шараларын жүзеге асыру мақсатында қызметкерлер жыл сайын активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынады.

«Алматы облысы бойынша қазына-шылық департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, аталған шаралардың жүзеге асырылуы одан әрі жалғастырылуда. Сонымен қатар, Алматы облысы бойынша қазынашылық департаментінің ұйымдастыруымен биылғы сәуір айында ZOOM платформасы арқылы аудандық (қалалық) қазынашылық басқармалардың қатысуымен «Сыбайлас жемқорлық бойынша атқарылған жұмыстар және алдын алу, жолын кесу және болдырмау шаралары» атты онлайн-семинар өтті. Семинарға «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы, Алматы облысы әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі А.Жазықбаев қатысты.

Шенеуніктердің азаматтармен тікелей байланыстарын қысқартатын және сыбайлас жемқорлыққа жол беретін жағдайларды барынша азайтатын мемлекеттік аппараттың жұмысын ақпараттандыру жөнінде кешенді шаралар қабылданды. 2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Стратегиялық даму жоспарында қойылған мақсаттарды орындау бойынша Қазынашылық Комитеті әзірлеген «Қазынашылық – Клиент» электрондық құжатайналым жүйесі ендіріле бастады. «Қазынашылық – Клиент» ақпараттық жүйесі – ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің және оның аумақтық қазынашылық органдарының мемлекеттік мекемелермен, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен, уәкілетті мемлекеттік органдармен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен және мемлекеттік сатып алу субъектілерімен қазынашылық органдарына ұсынылатын құжаттарды қабылдау, өңдеу және есептілікті ұсыну бойынша Қазынашылық функцияларын автоматтандыруды қамтамасыз етуге арналған электрондық құжат айналым жүйесі.

Қазіргі уақытта Текелі қалалық қазынашылық басқармасы бойынша клиенттер толық «Қазынашылық – Клиент» ақпараттық жүйесінде жұмыс істеуде. Бұл жүйені қосу нәтижесінде клиенттерге қашықтықтан қызмет көрсету қамтамасыз етілді, қазынашылық органдарына ұсынылатын құжаттардың электрондық нысандарын жасау арқылы қазынашылық пен клиент арасында тікелей байланыс жойылды. Жүйенің енгізілуі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу іс-шараларының бірі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік органдар қызметінің басымдықтары, оның ішінде қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен олардың алдын алуға ауысуы сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын, оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға, оның деңгейін қысқартуға ықпал ету тиіс.

Жемқорлықпен күрестің нәтижелі болуы негізінен билік пен қоғамның күш-жігерін біріктірумен байланысты. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – барлық азаматтың азаматтық борышы.

Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-қимылдың басты шарттары билік органдарының қоғамға есеп беру мен оның бақылауында болуы, сот төрелігінің тәуелсіздігі мен әділдігі, баяндауда анық және қолдануда күрделі емес заңдар, мемлекеттің кадр саясатындағы меритократия, мемлекеттік рәсімдердің ашықтығы және қоғамның сыбайлас жемқорлыққа деген төзімсіздігі болып танылуы тиіс.

Р.Есенбаев, Текелі қалалық қазынашылық басқармасының басшысы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.