Салық Зиманов: азамат, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері

2021 жылдың 19 ақпан күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Тұңғыш Президентінің мемлекеттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Зиманов Салық Зиманұлының 100 жылдығына арналған «Салық Зиманов: азамат, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Салық Зиманов: азамат, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері

Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, онлайн және офлайн форматта өткен іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында: «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шаралар бүкіл халық үшін рухани серпін беруі керек. Бұл ретте руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағытты қамтуға тиіс, олардың ішіндегі маңыздыларының бірі ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың мұрасын кеңінен таныту болады» деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылған ғылыми-тәжірибелік конференцияға мемлекеттік билік органдары мен академиялық ғылыми ортаның, сондай-ақ заңгерлер қауымының өкілдері қатысты. Жиында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов сөз сөйледі.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов құттықтау сөзінде Салық Зимановтың мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі даралығына тоқтала келіп, Қазақстан заңдарының негізін қалаушы, көрнекті  ғалым, зерттеуші және тәлімгер ретінде белгілі екенін атап өтті.

 «Салық Зимановтың Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесі зор. Оның қаламынан туған қазақтардың қоғамдық және саяси құрылысы, Қазақстанның ұлттық мемлекеттілігінің қалыптасу тарихы саласындағы ірі зерттеу еңбектері бүкіл дәуірдің адамы екенін дәлелдейді. Ол өзін ортақ іске салып, бар күш-қайратын өз еліне берді, өз халқына адал және жанқиярлықпен қызмет етті және бүгінде жаңа ұрпақ үшін нағыз үлгі болып табылады", - деді Ералы Тоғжанов.

Конференцияға модераторлық жасаған жоғары оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университеті Салық Зимановтың 100 жылдық мерейтойын алғашқылардың бірі болып бастап жатқанын айта келіп: «Академик Салық Зимановтың мерейтойы Еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылддығымен тұспа-тұс келіп отыр.Сонымен бірге, қалыптасуы мен дамуына Салық Зиманұлының өзі мен шәкірттері атсалысқан Еуразия ұлттық университеті де 25 жылдығын көп ұзамай атап өтеді. Оқу орнымыздың деңгейінде көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған, солардың негізгісі – бүгінгі республикалық конференция. Конференцияны өткізудегі мақсат – ұлағатты ұстаздың сан қырлы, ауыртпалығы мен қызығы мол өмірі мен шығармашылығын жас ұрпақты тәрбиелеу үшін үлгі етіп, насихаттау»,- деді Ерлан Бәтташұлы.

Сондай-ақ ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми мен ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов және Қазақстанның Әділет министрі Марат Бекетаевтың арнайы құттықтаулары оқылды.

Республикалық конференцияда академик туралы сөз алған ғалымдар мен қонақтар Салық Зиманұлының Республика егемендігінің бастауында тұрған аса көрнекті қазақстандық құқықтанушы ғалым болғанын, сонымен бірге қазақстандық құқықтану, мемлекет және құқық тарихының негізін қалаушы, қазіргі ұрпақ үшін абсолютті білімге, кемелдікке және жаңа идеяларды іздестіруге деген шексіз ұмтылыстың шынайы үлгісі бола білгенін жеткізді.

Іс-шара аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетінде академик Салық Зиманов атындағы аудитория ашылып, ғалымныың ғылыми еңбектері мен өмірбаянының фотоматериалдар көрмесі ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға конференция қонақтары, университет ғалымдары мен профессор-оқытушылар қатысты.

ЕҰУ Ақпарат орталығы

https://www.enu.kz/info/zhanalyktar/62193/

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.