Текелі мен Талдықорған әкімдері болашақ жоспарлары жайлы баяндады

Текелі қаласы болашақта туризмнің танымал аймағына айналады. Бұл туралы өткен сенбіде облыс әкімі А. Баталовқа 2021 жылғы жоспарлары мен қолдауды қажет ететін жобалары туралы баяндаған Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Текелі мен Талдықорған әкімдері болашақ жоспарлары жайлы баяндады

Текелі қаласы әкімінің айтуынша, абаттандыру қаланың кіреберісінен басталмақ. Сол сияқты «Горняцкий» шағын ауданының жер учаскесі де көркейтіледі. Онда жаяу жүргіншілерге арналған жол, вело және мото туризмге арналған жолдар салу, қысқы спорт түрлерін, парапланеризмді, құзға шығуды ұйымдастыру мен гидтер мектебін ашу жоспарланған. Сонымен қатар Қора өзеніндегі бастауды да абаттандыру межеленіп отыр. Ол жерде Қора шатқалынан Бұрхан Бұлаққа дейінгі туристік бағытты танымал ете отырып, Будда тасы мен ежелгі петроглифтерді көретін туристік бағыт қалыптастыру және түрлі шағын архитектуралық формалар қою да осы жоспардың ішіне кіреді. Жалпы қаланың қауіпсіздігі үшін қосымша 50 бейнебақылау камерасы қажет. Сол сияқты «Ақылды қала» жобасы бойынша жаңа технологиялар енгізу де алдағы жылдардың үлесінде.

Шешімін күткен мәселелердің қатарында шахталық суды сүзгіден өткізуге арналған тазарту құрылғысын сатып алу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ 2021 жылы екі 40 пәтерлі тұрғын үй салу көзделген. Қаржы қарастырылса баспанаға мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамту ісін жылдамдату үшін құны 87,2 млн. теңгеге 40 пәтерлік тағы 5 үйдің құрылысына қажетті құжаттамалар дайындау, Жастарға қызмет көрсету орталығын салу қолға алынады. Сонымен бірге ауыз су, жол, газдандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу мәселелері де назарда.

Қала әкімінің хабарламасынан кейін Амандық Баталов Текелі қаласының табиғи ерекшелігін ескере отырып, даму бағытын соған сәйкес жүргізу қажеттігін айтты.

- Туризм бойынша белгілеген жоспарларың жақсы, қолдаймын. Инвестициялық жобалар тартумен де түбегейлі айналыс. Мысалы, Текеліде балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар. Қаланы газдандыру да алдағы жылдың басым бағыты болуы тиіс. 1,3 млрд. теңге бөліп, қалаға магистралды газ құбырын тарттық, енді соның игілігін халық көруі керек, - деді А. Баталов.

Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов 2021 жылы жылыту қазандықтарын газға көшіруге, Ащыбұлақ, Ключи, Алмалы сияқты 5 саяжай қауымдастығының ауыз су мәселесін шешуге, «Талдықорғанжылусервис» мекемесінің автопаркін толықтыру, медколледж алдындағы және 3-ші бөлімше тұсындағы автожолдардың үстінен жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті көпірін салуға қаржы сұрады.

Облыс әкімі Амандық Баталов облыс орталығы ретінде ең ауқымды жұмыс атқарылатын өңір Талдықорған болуы тиіс екенін айтты. Инвестициялық жобалар тартуда жұмыстың әлсіздігін, сол сияқты қаланы абаттандырудың баяулығын да сынға алды.

- Осы жиынға келесі жылы қаржылай қолдауды қажет ететін қандай жобаларың бар, қандай жұмыстарың бар, соны білейік, қаржы бөлейік деп шақырып отырмыз. Атқаратын жұмыстарыңды тізбектеп толық айтып берулерің керек еді. Облыс орталығы Талдықорған қаласында жұмыс жан-жақты қайнап жатуы керек. Бірақ әзірге ондай қарқынды көріп тұрған жоқпын. Жұмысты ширатыңдар, - деді А. Баталов.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.