Тәртіп болса, табыс бар

17 тамыздан елімізде жарияланған карантин талаптары біртіндеп жеңілдетіле бастады. Әрине, бұл қауіпті індеттің алдын алу бойынша қабылданған барлық қажетті шарттарды қатаң сақтау негізінде жүзеге асырылады. Осыған орай, қала әкімі Бахтияр Өнербаев мониторингтік топ мүшелерімен және қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлерімен қаладағы ірі сауда орындарын және туристік нысандарды аралады.
Тәртіп болса, табыс бар

Тұтас жылдың қамы жасалатын жаз айының орны бөлек. Әсіресе, жаңа оқу жылы басталар алдында ата-аналар да, оқушылар да қарбаласқа түседі, киім-кешек, оқуға қажетті заттарды толықтайды.  Демек, карантиннен кейін жұмысын бастаған сауда орындарына түрлі қажеттіліктерді сатып алу үшін келетіндердің қарасы аз болмасы анық. Сондықтан, адамдар сауда орындарында маска тағу, арақашықтықты қатаң сақтау, топтасып, жиналмау секілді қарапайым қағидаларды берік ұстануы керек. Бұл тұрғыда сауда орындарының жауапты қызметкерлері сақтық шараларына қажетті мүмкіндіктерді жасап, сауда-саттықтың барысын күнделікті бақылауда ұстауы, барынша мұқият болуы, тазалыққа мән беруі тиіс.

Қала әкімі қаладағы және қала сыртындағы туристік орындарға да барып, туризм саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерді қауіпті індеттің алдын алу мақсатында қабылданған ережелерді бұлжытпай орындауға шақырды, індеттің таралуына қаншалықты тосқауыл қоя білсек, қолымыздағы ісіміздің де соншалықты ілгері басуына мүмкіндік ашылатынын алға тартты. Байқалған олқылықтарды,  кемшіліктерді уақытында түзетуге қаулы негізінде ескертулер берілді. Сондай-ақ, мониторингтік топ мүшелері, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызмет-керлері бизнес өкілдеріне індеттен сақтану бойынша қабылданған ережелерді түсіндірді және осы мақсатта дайындалған парақшалар таратты.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.