Кәсіпкерлікті өрістету өлшемдері таразыланды

Өткен жұмада Текеліде қалалық Кәсіпкерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиынға «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Жетісу облысы бойынша директоры Дәурен Оңалбаев пен құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Думан Керімбаев, Текелі қалалық Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Шалбаев және кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер қатысты.
Кәсіпкерлікті өрістету өлшемдері таразыланды

Халыққа Жолдауында жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайтынын айтқан Мемлекет басшысы оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн болатынына басымдық берді. Осыған назар аударған Д.Оңалбаев ендігі кезекте кәсіпкерлікке қатысты барлық заңнамалық құжаттарға «Атамекен» палатасы арқылы соңғы нүкте қойылатынын жеткізді. Алматы облысының екіге бөлінуіне байланысты орын алып жатқан уақытша мәселелер де біртіндеп реттеліп жатқанынан хабардар еткен ол кез келген істе өңірдегі үлкенді-кішілі барлық кәсіпкерлердің мүддесі ескерілуге тиіс болғандықтан, олардың өздерінің тарапынан белсенділік күтетінін айтты. «Келісіп пішкен тон келте болмайды», жергілікті бизнес өкілдері де жұмыла жұмыс істеуге ықылас танытты.

Қала кәсіпкерлерінің түйткілді мәселелері мен ұсыныстары тыңдалып, олардың оңтайлы шешілуі үшін салалық комитеттер құру ұсынылды.

Жиын соңында Д.Оңалбаев кәсіпкерлік қоғамдастықты дамытуға үлес қосып, қаланың қоғамдық-әлеуметтік өміріне белсене араласып жүрген кәсіпкерлер Игорь Шацкийге, Бектас Каимбаевқа, Берік Бекбатыровқа, Тахир Қасымбаевқа, Тоқтар Боранбаевқа, Холида Кусановаға, Қуанышбек Ерғожановқа, Жақсылық Жорақұловқа ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады.

Сонымен қатар, қалалық Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Шалбаев пен Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов іскер әрі белсенді бизнес басшылары Шалқар Мархаба мен Роман Мартыненкоға «Қала адамы-2022» аталымы бойынша Текелі қаласы әкімінің дипломы мен арнайы кәдесыйын тапсырды.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер бір-бірімізге шындықты айтып үйренейік, жаңа, әділетті Қазақстанды көлеңкесіз бизнеспен, таза жолмен құрайық деп тарасты.

Торғын Тұрлыбаева

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.