Көп тілегі ескерусіз қалмайды

23 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Кенғазыұлы Әлімбаев Текеліге ат басын бұрып, қаланың тіршілік ахуалымен танысты, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Көп тілегі ескерусіз қалмайды

Халық қалаулысы алдымен «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалында Ауған соғысы ардагерлерімен жүздесті. Басқосуға қалалық мәслихат хатшысы Николай Калиновский, Текелі қаласы әкімінің орынбасары Тәңірберген Дәркенбаев, облыстық мәслихат депутаты Константин Нестеров, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марғұлан Ботантаев және партия мүшелері қатысты. Ауған соғысы ардагерлері мемлекет тарапынан қолдау-көмекке жол ашатын тиісті мәртебесін заңдастыру, үйсіз-күйсіз жүрген ардагерлер мен соңында қалған отбасын баспанамен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді ортаға салды, жастарға патриоттық тәрбие беру тетіктерін талқылады. Кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалының директоры Т.Жұмаділов Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет әрі өскелең ұрпаққа үлгі ретінде кәсіпкерлердің қолдауымен қалалық сая-баққа ескерткіш тас орнату ісі қолға алынғанын айтты. Депутат Д.Әлімбаев қаңтар оқиғасы кезінде бүкіл ел тыныштықтың қадірін түсінгенін айтып, соғыстың зардабы мен қасіретін біле тұра, кезінде от пен оқтың ортасында жүрген интернационалист жауынгерлердің ерлігі мен бүгінгі тағдырына немқұрайлы қарауға болмайтынын, өз тарапынан айтылған мәселелердің оңтайлы шешілуін назарда ұстайтынын жеткізді.

Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы ақылы қоғамдық жұмысқа биыл уақтылы қаржы бөлін-бегендіктен және көлемі қыс-қартылғандықтан, қоғамдық жұмыс арқылы нәпақа тауып жүрген текелілік біраз тұрғын еңбекақыдан қағылып, жұ-мыссыз қалды. Соның салдарынан несие, пәтерақы, коммуналдық төлемдерін мерзімінде төлей алмай отыр. Осы мәселені көтере келген азаматтар әйелдерге зейнет жасын төмендету, мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңіл еңбек жағдайын жасау секілді ұсыныстарын да жеткізді. Текелі қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Жасұлан Қапалов еңбекақы мәселесі наурыз айында шешілуге тиіс екенін айтып, жақында аз қамтылған пәтер жалдаушыларға пәтерақының жарты сомасын мемлекет көтеретінін, ол үшін пәтер иесімен арадағы келісімшарт заңды болу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, «Күміс жас» деген жаңа жоба бойынша жұмысқа орналасқан зейнет жасы жақындап қалған адамдардың алғашқы бір жылдық еңбекақысы мемлекет тарапынан қаржыландыры-латыны және жұмыс беруші ол адам зейнетке шыққанша сол жерде жұмыс істейтініне кепілдік беретіні жайлы түсіндірілді.

«Nur Otan» партиясының қалалық филиалында өткен қоғамдық қабылдауда Д.Әлімбаев азаматтардың кезінде жеке тұрғын үй салуға берілген жерлерге су тартып, жол салу жұмыстарын соңына жеткізу, қосымша ақылы сабақсыз оқушылардың оқу бағдарламасын меңгермейтіндігі, оқулықтардың сапасыздығы, азық-түлік бағасының қымбатшылығы, қаладағы қоғамдық көліктердің ерте тоқтап қалуы, Семей полигонынан зардап шеккендерді мемлекет қамқорлығына алу сияқты түрлі саладағы сауалдары мен өтініштері ескерусіз қалмайтынын айтты.

Бұдан кейін Д.Әлімбаев Текеліде салынатын Орталық Азия университетінің ағаштар егіліп, жолы салынған құрылыс алаңын көріп, оқу орны өкілдерімен құрылыстың жай-күйі, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, маман даярлау ерекшеліктері туралы пікір алмасты.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.