Әлеуметтік жағдай жақсара түседі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған басым бағыттардың іске асырылуын бағамдап, жаңадан қабылданған маңызды заңнамаларды түсіндіру бойынша ҚР Парламентінің депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов пен Марат Бопазов қаламызға арнайы іссапармен келді.
Әлеуметтік жағдай жақсара түседі

Қала әкімінің міндетін атқарушы Сері Болысбайұлы қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында баяндады. Халық қалаулылары алдымен «Достық» шағынауданында салынып жатқан 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Содан кейін №5 орта мектебінде болып, мұғалімдермен кездесті.

Баршаға белгілі 28 желтоқсанда ел Президенті бірқатар заңдарға қол қойды. Соның бірі – «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң. Заңға сәйкес еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде қолданылатын тетіктер қайта қаралды. Яғни, экономикалық белсенділігі төмен ел тұрғындары үшін жарнаны мемлекет төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін жарна төлейді. Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа жүйесі іске қосылды. 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған және 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық отбасыларға АӘК табысына қарамай төленеді. Нақты айтқанда, 4 балаға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге әлеуметтік көмек беріледі. Егер, жан басына шаққандағы табыс мөлшері ең төменгі кедейлік шегіне жетпесе, ондай отбасылар АӘК алуға өтініш бере алады. Бұған қоса, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік көмек, атап айтқанда, мектепке дейінгі балаларды азық-түлікпен, гигиеналық құралдармен, мектеп жасындағы балаларды оқу құралдарымен, мектеп киімімен қамту, жол шығындарын төлеу, медициналық көмек көрсету секілді тетіктер қарастырылған. Айта кетерлігі, мемлекеттің қол-дауы көмекке мұқтаж жандарды демеу арқылы әлеуметтік әлеуетті жақсарту, сонымен бірге, масылдыққа жол бермеу, еңбекке қабілетті азаматтарды еңбекке ынталандыру болып табылады. Сондықтан, жұмыс істеуге мүмкіндігі бар жандар өз-өзін қамшылап, «Еңбек» бағдарламасынан пайдаланып жағдайын жақсартуға мүдделі болса, кәсіпкерлікке ұмтылса, мемлекеттің қолдауы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға серпін берері сөзсіз. Осыны алға тартқан халық қалаулылары жақында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңның маңызы мен мәнін аша түсті.

Аталған заң Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биыл тамыз кеңесінде берген тапсырмасының нақты іске асуы болып табылады. 21 баптан тұратын құжат ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; білім беру, ұрпақ тәрбиелеу сынды жауапкершілігі жоғары міндетке қойылатын талаптарды күшейту; ұстаз еңбегін дәріптеп, қоғамның құрметін арттыру және ұстаздарды материалдық тұрғыдан жан-жақты қолдау арқылы ынталандыру сынды төрт бағыттан тұрады. Орта білім беру мекемелеріндегі педагогтардың жүктемесін
18 сағаттан 16 сағатқа төменде-ту, ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін ай сайын 10 АЕК (25,5 мың теңге) мөлшерінде үстеме ақы төлеу, сынып жетекшілеріне және дәптер тексергені үшін төленетін ақыны екі есе арттыру, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» сынды мемлекеттік марапат тағайындап, оның иегерлеріне 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу, сондай-ақ, еңбек демалысын 42 күннен 56 күнге ұзарту секілді бірқатар ұтымды шаралар қамтылған заң ұстаздардың көңіл-күйін серпілтіп, жігерін жани түскені сөзсіз. Кездесуге қатысқан мұғалімдер мемлекеттің жан-жақты қолдауына дән риза-шылықтарын жеткізіп, өскелең ұрпақ тәрбиелеу жолында қалтқысыз еңбек ететіндіктеріне сенім білдірді.

Шындығында, ұстаз еңбегі ерен. Адам бойындағы ғылым, білім, өнер, кәсіпкерлік, сондай-ақ, адамгершілік, ізгілік қасиеттер мектепте, ұстаз берген білім мен тәрбие негізінде қалыптасады. Күшті мемлекет, өркениетті халықтың негізі ұстаз еңбегімен бітеқайнасып жатыр. Демек, ұстаз мәртебесі – тұтас қоғамымыздың осынау жауапкершілігі зор міндетті арқалаған ұлағатты жандарға деген биік құрметі мен сенімі. Соған лайық болу бәрінен маңызды.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.