Көп кешікпей көктем де келіп қалар...

9 ақпан – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні жыл сайын жер-жерде дәстүрлі поэзия күніне айналып, түрлі рухани шаралар ұйымдастырылады. Атаулы дата қарсаңында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Текелі қалалық филиалында «Көп кешікпей көктем де келіп қалар» тақырыбында ашық сабақ өтті.
Көп кешікпей көктем де келіп қалар...

Ашық сабақтың мақсаты – орталық тыңдаушыларын қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақынның өмірі және шығармашылығымен таныстыру, поэзия құдіретін таныту, өлең мен өмірге деген құштарлықты арттыру, ақын өлеңдері арқылы олардың халыққа, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту. Үлкенге де, кішіге де, қай ұлтқа да түсінікті Мұқағали поэзиясы өзек болған сабаққа орталықтың әр деңгей бойынша білім алып жүрген тыңдаушылары қатысты.

Филиал меңгерушісі Айгүл Қалысбаева: «Ақын шығар-масын мұқият тыңдасақ, ішкі толғанысы адам жанын жылытып, жүрегіңе мейірімділік, сүйіспеншілік орнатады. Сол арқылы рухани бай адам деңгейіне көтерілетін боламыз. Мұқағали қысқа ғана өмірінде артына өшпестей із қалдырған лирик ақын», – деп қазақтың тілін ақын поэзиясымен ұштастыра меңгерудің жүрекке жақын, санаға орнықты болатынына назар аударды.

Мемлекеттік тілді құлшына игеріп, қазақша еркін сөйлеп жүрген Нина Суковаткина ақынның «Үш бақытым» өлеңін жатқа оқып берді. Басқа тыңдаушылар да сабаққа белсенділікпен атсалысты. Сабақ Мұқағалидың «Көктем де келер» өлеңімен қорытындыланды:

Көгереді... барлығы көгереді:

Ой да, қыр да, даланың төбелері.

Әлі құрып баратқан ауру досқа,

Осы көктем, білмеймін, не береді?

Көп кешікпей көктем де келіп қалар,

Есінетіп, еліртіп, ерікті алар.

Азан-қазан аспанның қоңырауы,

Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар...

  Құндыз Кәдірқанқызы, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Текелі қалалық филиалының оқытушысы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.