Қазақ мәдениетінің зор қайраткері

Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. Ыбырай Алтынсарин – қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған аса көрнекті тұлға.
Қазақ мәдениетінің зор қайраткері

«Ыбырай Алтынсарин – қазақ мәдениетінің зор қайраткері» деп баға берген  ұлы жазушы Мұхтар Әуезов былай дейді:

«Ол – мектептің өзіне бөлек ерекшелігі бар программаларын, оқу құралдарын жазушы. Қазақтың ең алғашқы мәдениетті мектебін жасаумен қатар, жазушылық пен оқытушылықты аса шебер қабыстырушы.

Ірі ағартушы, зор саналы, әлеумет қайраткері, өнерлі ақынның артында қалдырған ізіне, қадірлі жолына қарап отырсаң, заманына бақсаң, көңілге үлкен алғысқа толы ойлар келеді. Сонда, өз өмірінің, еңбегінің барлық қисынсыз қиын шалғайлықтарының бәрін елеместен, жасымастан, батыл басып, ұдайы ұзап бара жатқан шын зор қайратты танисың. Мұндай іс пен тұрақты айнымас мінез тек қана халықшыл, азамттық санасы айқын жаннан шығады. Ыбырайда сол күш терең еді, мол еді. Ол сананың үлкен оты мұның ізгі жүрегіне мол уақыт берік орнаған. Ыбырайды осы дәрежеде қажырлы қайраткер еткен сана, біріншіден, оның өзінің еңбекші елмен, қалың бұқарамен нық байланысты болғандығынан, соның тарихи келешегін айқын көргендіктен, сол келешекке бұлжымастан, айнымастан нық сенгендіктен...»   

Ы.Алтынсаринның еңбектері бүгінде халқымыздың ұшан-теңіз игілігіне айналған. Оның шығармалары ылғи да елдікті, адал еңбекті, ғылым мен білімді, тазалықты, бауырмалдықты, бірлікті, достықты дәріптейді. 

Таза бұлақ

Үш жолаушы бір бұлақтың басында бір-біріне кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерден шыққан, айналасы қалың біткен ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп, суы мұздай, салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сонша әдемі, таза бұлақ екен. Су шыққан жеріне бір қазандай тасты біреу ойып қорғаныш қылып, тастың суағар жеріне жазу жазыпты:

– Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол, – деп. Манағы үш жолаушы  бұлақтан ішіп қанған соң жазуды оқып, біреуі саудагер екен, ол айтты:

– Бұл жазылған ақыл сөз екен, бұлақ күн-түн тынбай ағып, алыс жерлерге барады, бара-бара кеңейіп, үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең, ақырында, сен де зорайып мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін, – деді.

Екінші жолаушы мүсәпір молда екен, басын шайқап:

– Жоқ мен олай ойламаймын, бұл жазудың мағынасы сіздің ойлағаннан гөрі жоғарырақ соқса керек, бұл бұлақ: кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, жанын рақат-тандырады, сусағанның сусынын қандырады, оның үшін ешкімнен ақы дәметпейді, бұлай болса адамға да әбірет сол: біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек,– деді.

Үшінші жолаушы көркем келген бір әдемі жігіт екен, бұл үндемей тұрды. Жолдастары: «Сен не ойлайсын?» – деп сұрады.

Жігіт айтты:

– Менің ойыма бөтен бір нәрсе келеді: бұл бұлақтың суы бір орынында тынып тұрып, шөп-шалам түсіп, лай-қоқым болса, бұған адам мен айуан мұнша ынтық болмас еді; бұлақ күні-түні тынбай ағып тазаланып тұрғаны үшін ынтық болады. Олай болса, жазудың мағнасы: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта, нешік бұ-лаққа қарасақ күн түссе күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көреміз, көңілің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ме деймін, – деді.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.