Жастарды спортқа баулып жүр

Білім беру ұйымдарындағы балалар мен жасөспірімдер туризмі – олардың бос уақытын тиімді пайдалану мен патриоттық, экологиялық тәрбие берудегі таптырмас құрал. Осы бағытта етене еңбектеніп жүрген азаматтардың бірі – Дамир Исмаилов.
Жастарды спортқа баулып жүр

Ол бүгінде №6 орта мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі әрі балалар мен жасөспірімдерге арналған туризм және өлкетану орталығының тау туризмі мен туристік көпсайыстан нұсқаушы қызметтерін қатар атқаруда. Сарқанд қаласының тумасы Дамир 1998 жылы Текеліге қоныстанған. Қалалық №4 орта мектепте білім нәрімен сусындап, 2003 жылы 11 сыныпты ойдағыдай тәмамдап, Талдықорған политехникалық колледжінде дене тәрбиесі мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Бала кезден спортқа қызығып, футболдан қалалық команда құрамында болған. Сол кездегі мықты тәлімгер, тәжірибелі жаттықтырушылар А.Мазуренко, В.Овчаровтардың тәлім-тәрбиесімен «Үздік жас спортшы» атанған. 2007 жылы алғаш рет дене тәрбиесі мұғалімдері арасында қалалық байқауға қатысып, 3-орын иеленеді. Бойындағы қажыр-қайраты, ерік-жігері, білім-біліктілігінің арқасында осы байқаудан 2009 жылы 2-орын, 2010 жылы 1-орын алады. 2015-2016 оқу жылында Бас жүлдені жеңіп алып, облыста 2-орынға ие болады. Ал, өткен оқу жылында облыстан 3-орынға ие болған. 2009 жылы «Тау туризмі» курсын тәмамдап, тау туризмінің нұсқаушысы атанады. Осылайша туристік көпсайыспен мықтап айналысып, облыстық құраманың білікті жетекшісіне айналды. «Туризм – бұл табиғат орындарына саяхат жасау, өңірдегі туризм орталықтарында демалу, сол аумақтағы табиғи және мәдени-тарихи нысандар туралы мағлұмат, түсініктер алу. Туристік көпсайыс облысымызда қарқынды дамып келеді. Текелілік көпсайысшылар облыс құрамасының басым бөлігін құрайды. 2017 жылы жалпыкомандалық есепте облыстық сайыста жеңімпаз атансақ, 2018, 2019 жылдары қатарынан облыстық слетте 1-орын иелендік», – дейді ол. Өскелең ұрпақтың бойында өз туған өлкесіне деген қызығушылықты, сүйіспеншілікті, өткені мен қазіргі тарихын оқып-үйрену негізінде патриоттық, азаматтық тәрбиені қалыптастырып қана қоймай, сондай-ақ, баланың сана-сезімін, ойлау қабілетін, зеректілігін дамытып, достыққа, жолдастыққа баулып жүрген маман жылына 80-нен астам баланы туризмге тәрбиелеуде. Оның 15-і разрядты, 1-еуі спорт шеберіне үміткер. Алматыдағы туризм және спорт академиясына оқуға түскен шәкірті Алексей Белогорцев туризм орталығында өзімен бірге еңбек етуде.

Қажырлы қайраты, адал еңбегі ескерусіз қалмай, білікті маман қала, облыс, республика деңгейінде марапатталып келеді.

Нұржан Махаббатқызы

 

Карантин кезінде туристік көпсайыс жаттығуларын қалай жасауға болады?

- алдымен нұсқаушыңыздан онлайн кеңес алыңыз;

- туристік жорықтар кезінде қажет болатын жіп байлау түрлерін меңгеріп алыңыз;

- үй жағдайында да түрлі дене жаттығуларын жасап отырыңыз;

- ізденушілік-өлкетану бағытында интернет желісінен пайдалы мағлұматтар алсаңыз болады.

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.