Туберкулез – жұқпалы дерт

Туберкулездің қауіпті ауру екенін бәріміз де білеміз, бірақ оның жұқпалы түрінің жиі кездесетінін ескере бермейміз. Туберкулез ауруының қоздырғышы жай көзге көрінбейтін шағын таяқша тәріздес бактериялар, бұл аурудың арнайы қоздырғышы бар екенін біліп, ықылым заманнан бері қазақ халқы «құрт ауруы» деп атау берген.
Туберкулез – жұқпалы дерт

Туберкулез таяқшасы қоршаған ортаның әсерлеріне өте төзімді, ол ауада 30-60 минутқа дейін тіршілік ете алады, ал қараңғы, лас, күн сәулесі аз түсетін, желдетілмеген үйлерде 4 айға дейін, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас адамның қақырығында 10 айға дейін, науқас адам оқыған кітап беттерінде 3 айға дейін, топырақта 1 жылға дейін, күл-қоқыста 2 жылға дейін, жуылмаған еденде, үй заттарында 1 жылға дейін, қатырылған сары майда 10 айға дейін, ірімшікте 8 айға дейін сақталады. Туберкулез таяқшасы 75 градус ыстық суда 30 минут қайнатқанда, құрғақ қақырықты 100 градуста қайнатқанда 45 минуттан соң ғана жойылады, залалсыздандыру заттарының жоғары пайызды мөлшері ғана бұл қоздырғышты жоюға қабілетті. Тікелей түскен күн сәулесі де туберкулез таяқшасын жояды.

Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде, қақырғанда, қатты дауыстап сөйлегенде ауа тамшылары арқылы туберкулез таяқшасы қоршаған ортаға таралып, басқа сау адамдарға жұғады, бір тамшы қақырықта миллиардқа жуық туберкулез таяқшасы бо-лады. Науқас адам пайдаланған ыдыс-аяқтар, заттар арқылы да ауру жұғады.

Туберкулездің басқа жұқпалы аурулардан айыр-машылығы – аурудың жасырын өту мерзімі анық емес, 1 айдан 1 жылға дейін, тіпті көптеген жылдарға созылуы мүмкін, туберкулез таяқшасы адам ағзасына жасырын түрде еніп, өкпеге қоныстанып, құрт секілді құрта бастайды. Зерттеулер барысында әлемде әрбір үшінші адамның ағзасында туберкулез таяқшалары бар екені анықталды, тек бір адамдарда ол «мүлгіген» жағдайда болса, кейбір адамдарда ағзасының әлсіреуінен, басқа туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқаспен араласу кезінде ауру жұқтырып, бұл адамдарда туберкулез ауруы бас көтереді. Туберкулездің тағы бір ерекшелігі – туберкулезбен бір рет ауырған адам қайталап ауыруы мумкін, яғни бұл ауруға өмірлік иммунитет қалыптаспайды.

Туберкулезден балаларды сәби кезінен бастап қорғау керек, яғни перзентханада туылған сәтте туберкулезге қарсы алғашқы егу шарасын, кейін алты жасында қайталап егу шарасын жасату қажет. Балаларда туберкулез ауруын ерте анықтау мақсатында Манту сынамасын жасату керек. Осы мәселелерге әрбір ата-ана жауапкершілікпен қарағаны жөн. Балаларда ересектерге қарағанда туберкулез ауруы тез дамиды, әрі туберкулездің менингит секілді асқынған түріне апарып соқтыруы мүмкін. Жасөспірімдер мен ересектер жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтіп тұруы қажет. Әрбір адам салауатты өмір салтын ұстанып, құнарлы тамақтанып, ағзаны шы-нықтыруы керек. Жеке бас тазалығын сақтап, үйді, ауланы, жұмыс орнын таза ұстау керек, бөлмелерді жиі желдетіп, терезе жапқыштарын ашып, күн сәулесінің мол түсуін қамтамасыз еу қажет.

Туберкулез – жұқпалы ауру, бірақ жазылмайтын дерт емес. Одан сақтануға болады, ал егер ауыра қалған жағдайда тиісті емін толық алса, айығары анық. Сондықтан, әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болып, туберкулез дертінен сақтанғаны жөн.

Р.Искандарова, Текелі қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысының м.а. 

Е.Целищева, ШЖҚ «Текелі қалалық ауруханасы» МКК директоры

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.