Алматы облысы туризм саласы бойынша көшбасшылар қатарында

Еліміздегі үздік 68 туристік орталықтың 9-ы Алматы облысына тиесілі. Биыл Ішкі туризм саласы 13%-ға өсіп, өңірдің көрікті жерлеріне қызыққан туристер саны 1,1 миллионға жеткен. Бұл туралы облыстық Туризм басқармасының басшысы Айбар Теменов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Алматы облысы туризм саласы бойынша көшбасшылар қатарында

Облыс аумағы бойынша 9 жаңа туристік нысан әзірленді. Мәселен, Қапшағай су қоймасы, Алатау тау кластері, ұлттық саябақтардың аумақтары, жүзімдіктер, «Таңбалы» мұражай-қорығы, «Сокол» автодромы, Балқаш көлі, Хан Тәңірі шыңы және Шонжы ыстық бұлақтары. 
Айбар Теменовтың айтуынша, аймақтағы туризмді дамыту үшін бас жоспар бекітілді. Мұнымен қоса, “Visit Alatau” брендін қалыптастыруды қолға алған. 
Сонымын қатар, биыл 8 ай ішінде Алматы облысында туризм саласындағы инвестиция көлемі 39,9 млрд. теңгеге жеткен. Тартылған инвестиция көрсеткіші бойынша республика бойынша өңір екінші орынға жайғасып отыр. 
Басқарма басшысының ақпарынша, негізгі мақсат - туристік өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау, туризм инфрақұрылымын дамыту.

«Өңіріміздегі қарқынды дамып келе жатқан туризм түрлерінің бірі - эко-этно және агро-туризм. Аталған туризм бағыттарын дамыту Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Кеген және Райымбек аудандарында басты жолға қойылған”,-дейді спикер.

Қазіргі таңда жүргізілген зерттеулер қорытындысына сәйкес, бірқатар жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру қарастырылған. Атап айтсақ, Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан жүзім алқаптары мен шарап зауыттары базасында “Орта Азияның шарап алқабы” туристік өнімін (Karakemer, Issykwine,Arba Wine, Bacchus, Gold Product), Райымбек және Кеген аудандарында Баянкөл шатқалы, Тұзкөл көлі, Қарқара жайлауы, Текес сарқырамасы, Бестөбе су қоймасын, Хан Тәңірі шыңын ескере отырып “Аспан патшасы”, Балқаш көліндегі балық аулау, дайвинг, трофейлік аңшылық сияқты туристік өнімдер.
Бұдан бөлек облыстың 15 туристік аумағында 337 шақырым жолға абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, туристер үшін облыстың туристік әлеуеті, табиғи, тарихи, мәдени туризм объектілері туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қажетті ақпарат алу үшін үздіксіз жұмыс істейтін «ALMATYREGION.TRAVEL» веб-сайты іске қосылған.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.