Жақсы келін...

«Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын». Керегесі жарқырап, құт ұялаған шаңырақтың үлкені парасатты, баласы бақытты. Мұның барлығы қабағы ашық келіннің ақылы мен ибасына, имандылығы мкн тәрбиесіне байланысты. Айналасына бақыт сыйлап, отбасының ұйытқысы болып жүрген келіндердің өнегесі көпке үлгі. Сондай үлгілі келіндердің бірі – облыстық «Жетісу келіні-2022» байқауының жүлдегері Елнұр Азатбекқызы Көшербаева.
Жақсы келін...

Қазақ мәдениетін қайта жаңғырту, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау, қазақы қалпын сақтаған келіндерді дәріптеу мақсатындағы байқау осымен үшінші жыл қатарынан өтіп отыр. «Жетісу келіндері» облыстық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған сайысқа 30 өтінім түсіп, іріктеуден өткен 13-і Талдықорған төрінде кездесті.

Елнұр байқау туралы инстаграм әлеуметтік желісінен оқып, былтыр қатысуға ниет білдірген. Бірақ, кеш қалып, ұйымдастырушылар келесі жылы қатысуға болатынын айтқан. Табанды келін биыл бақ сынап көрді. Алғашқы талап – әлеуметтік желіге енесімен түскен суретімен бірге өзі және енесімен қарым-қатынасы туралы жазба жариялау. Ол әлеуметтік желідегі парақшасына: Мамам (енем) өте жақсы кісі, екінші анам өзінің ақыл-кеңесін беріп, менің кез келген бастамамды қолдап, білмегенімді үйретіп отырады. Маған әрқашан «балам» деп сөйлейді. Әрине, қиындықтар болмады емес, болды. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтылмаған ғой, отбасын құрып, бір-бірімізге үйренісіп кеткенше біршама уақыт керек болды, жігітім екеуміз бір-бірімізді жақсы танымай қосылдық. Қазір бәрі жақсы, Аллаға шүкір.

Өз үйімнің ерке қызы болғандықтан, отбасылық тірліктің көбін біле бермейтінмін, келін болып түскелі біртіндеп мамам үйретіп келеді.

Қонақ шақырғанда еселеп мақтап, Елнұрым пісірген, Елнұрым дайындаған деп отыратын мамамыз аман болсын. Шектен шыққан жерлерім болса ұрысып, айыптаудан бұрын ақылын айтып, жөнге салып отырады. Мамамның даналығына тәнтімін. Ең бастысы, Еділім үшін рахмет! Сізді жақсы көремін, сыйлаймын! Осы орайда, сізді біліп-білмей ренжітсем, кешірім сұрағым келеді», – деп жазды.

Сарқан ауданы, Көкөзек ауылының тумасы Елнұр Азатбекқызы 19 жасында ақ босаға аттап, Текелінің келіні атанды. Он жылда келін болып түскен әулетіне тас-тай батып судай сіңді. Алтын асықтай үш ұлдың анасы, отағасы Еділдің кеңесетін қабырғасы, отбасының құты мен берекесі.

– Байқауға өз анам, енем, енемнің анасы, екі абысыным мені қолдап барды. Бәріне алғысым шексіз. Мен үш келіннің үлкенімін. «Абысын тату болса, ас көп» деген рас қой. Қай үйге қонақ келсе, үш абысын шайымызды қайнатып, дастарханды жайнатып, қонаққа иіліп ибамызды, құрметімізді көрсетеміз. Әрі сыйлас, әрі доспыз. Ата-енеміз қара шаңырақта, кіші қайнымның қолында, – деген Елнұрдың ата-енесі Сейфілмәлік Науқанұлы мен Ләззат Ердуәлиқызы Көшербаевтар.

Облыстық келіндер байқауында өзін өлеңдетіп таныстырған Елнұр шара жұмаға сәйкес келген соң, жеті шелпегін пісіріп апарды. Ұлттық салт-дәстүр бо-йынша сұрақтар қойылғанда, Зейнеп Ахметова апамыздың әңгімелерін оқып жүретін келін тосылмай, толық жауап берді. Ал өнер сайысында Ж.Байырбекованың репертуарындағы «Тәй-тәй» әнін орындағанда Елнұрдың отағасының нағашы әжесі жиеншарының тұсауын кесіп, енесі шашу шашып, екі абысыны құрақ ұшып, әдемі көрініс көрсетті. Төртінші кезеңде аспаздық шеберліктеріне баға берілді. «Мен ұлттық тағам қазы-қарта, жал-жая қосып қазақша ет пісіріп апардым. Еттің сорпасын құр қалдырмай, наурыз көже дайындадым және тәтті торт пісірдім», – деген Елнұр торт пісірудің нағыз маманы. Негізгі мамандығы бастауыш сынып мұғалімі болса да, қазір үйде бала тәрбиесімен қатар тортқа тапсырыс қабылдап, шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. Арнайы кәсіби курстан да өткен. Табысы әжептәуір.

Осындай бесаспап келін облыстық байқауда 3-орын иеленіп, әулетінің ғана емес, Текелінің абыройын асырды. «Біздің қаламызда да инабатты, үлгілі келіндер көп. Келін – ана, ұрпақ жалғастырушы, ұлт тәрбиешісі. Жақсы келіндердің көркем үлгісін паш ету үшін қалалық келіндер байқауы өткізілсе деген тілегім бар»,– деді ол.

Отбасының ырысы, ұлттық тәрбиенің тынысы қазақы қалыпты келіндердің көші үзілмесін.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.