Әке – шаңырақтың тірегі

Халқымыздың: «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген сөзінде отбасындағы әке мен ананың рөлі айқын көрініс тапқан. Әкені асқар тауға теңеуінде үлкен мән жатыр. Яғни, бала тау қопарар тәуекелді, батылдық пен өрлікті, асқақтықты, ата кәсіпті әкенің болмысынан, мейірімділікті шешенің ыстық ықыласы мен аялы алақанынан бойына сіңіріп өседі.
Әке – шаңырақтың тірегі

Ер азаматқа тән өжет те қайсар мінезі, сөзі мен ісі бір жерден шығатын табандылығы, оралымды ой, кемел көзқарасы болмайынша жігіттің ісі ілгері баспайды, жасық темірдей майырылғыш, құмдай күйрегіш келеді. Шығыстың бір данасы «Баланы қанша ерте жерге түсірсең, ол сонша тез аяғын басады» деген екен. Ата-бабаларымыз ұл баланы «Он үште – отау иесі» деп, белін буып, жігерін жаныған. Бүгінгі ұрпақ мұны ұл баланы он үшінде үйлендірген деп тіке мағынасында қабылдап жүрміз.

Әке – отбасының қорғаны, демек балалары әкені өздеріне сүйеніш тұтады. Әкесінің бойынан қайтпайтын қайсарлықты көріп өскен бала жігерлі, өз ісіне сенімді келеді. «Тамшы да тама-тама тас теседі» дегендей, сенім мен жігер барда кез келген қиындықты еңсеруге болады. Сондықтан да «Әкелі бала – жау жүрек» деп, данагөй аталарымыз баланың болашағын әке болмысымен ишаралаған.

Әке – отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы. Әкенің ұстанымы, мінезі, жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы, өнері мен іскерлігі – бәрі-бәрі балаға үлгі-өнеге. Бала әке болмысынан қандай ерекшелікті көрсе, соны бойына сіңіріп өседі. Бүгінде әкенің рөлін тек ақша тауып, отбасын асыраумен өлшейтін біржақты көзқарас та жоқ емес. Әрине, ақша, мал тауып отбасын асырау – ер азаматтың міндеті. Міне, осы міндетті әрбір әке балаларының қасында жүріп, адал кәсіппен, өнермен, қайратпен таба білсе құба-құп.  

Салт-дәстүрлеріміз, ырым-тыйымдарымыздың өзі отбасындағы отағасының орны мен беделін айқындап, абыройын асқақтатып отырған. Әдетте ақылды аналарымыз балаларына: «Әкеңнің киімдерін жоғары қой», «Әкең ренжиді ғой», «Әкең келе жатыр», «Әкеңнің рұқсатын ал» деген секілді жай ғана сөздерімен-ақ, бала санасына әкенің биік беделін орнықтыра білген.

                       Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ     

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.