Ұстаз – ұлы тұлға

Өткен жұмада қалалық Мәдениет үйінде ұстаздарды ұлықтауға арналған «Ұстаз – ұлы тұлға» атты салтанатты жиын өтті.
Ұстаз – ұлы тұлға

Жиында ұстаздарды мерекемен құттықтаған қала әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы: 

«Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген. «Ұстазы озық елдің бүгіні де, болашағы да зор». Мұның барлығы да ең алдымен шәкірттің санасына бағдар беріп, зердесіне білім нәрін еккен мұғалімдер қауымының еңбегі екені ақиқат. Қаламыздың білім сапасының жоғары болуы да сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен ерен еңбектеріңіздің жемісі.

Мұғалімдердің жұмысы жоғары кәсіпқойлықты, үлкен рухани күшті, даналықты, шыдамдылық пен адалдықты қажет етеді. Өркениеттің бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы – мұғалім. Ұстаздан өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт өздеріңізбен мәртебесі биік, абыройы асқақ.

Осы шуақты мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!» деп, білімімен, біліктілігімен, ұрпақ алдындағы мол жауапкершілігімен көзге түсіп, облыстық, республикалық байқауларда топ жарған ұстаздарды көпке үлгі етті. Әсіресе, пандемияға байланысты қабылданған қатаң карантин кезінде табандылық танытып, ақпараттық технологиядан пайдаланып, қашықтан оқыту арқылы, оқушыларға қажетті білімді ойдағыдай бере білген ұстаздар еңбегіне ризашылығын жеткізді.

Салтанатты жиында, сонымен бірге, қалалық мәслихат хатшысы Николай Калиновский, білім бөлімінің басшысы Нариман Естібаев, білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қалалық филиалының төрағасы Асан Тұрсынғалиев ұстаздарды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін арнады.      

Ұстаз еңбегі ұлықталған мерейлі сәтте бала санасына білім мен тәрбиені бірдей сіңіріп, ел үшін еңбек ететін саналы ұрпақ баулу ісінде белсенділікпен үлес қосып жүрген озат, үлгілі ұстаздар марапатталып, мерейлері тасыды. 

Республикалық «2021 жылдың үздік педагогі» төсбелгісімен, сонымен бірге, ҚР білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, ақшалай сыйлық сертификатымен Наталья Дегтярева, ҚР білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйлық сертификатымен Жазира Ералиева, аталған министрліктің Құрмет грамотасымен Наталья Банецкая және Нағима Карамурзанова, Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен Светлана Матвеева марапатталды.

Роза Бекхожанова, Гүлбану Өмірхалықова, Асия Саймбулекова, Алтынай Бопауова және Равиля Халиулина облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын иеленді. 

Республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында 1-орынды иеленген Бақытжан Молбаев, облыстық «Жыл мұғалімі-2021» байқауында 2-орын иеленген Гүлмира Өтепова, республикалық «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты ұйымдастырған бейне сабақтар байқауында 3-орын иеленген Қайрат Рамазан, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында 3-орын иеленген Юлия Цугланова, облыстық мектепке дейінгі мекемелердің меңгерушілері арасында өткен «Табысты басшы» байқауында 1-орынды иеленген Эльмира Жақсыбекова, облыстық Бейсен Құранбек атындағы олимпиаданың бас жүлдесін иеленген Жанзила Исаева, облыстық мектепке дейінгі мекемелер арасында өткен «Заманауи сабақ» байқауында 1-орын иеленген Бақытгүл Сәрсенбаева, қалалық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі-2021» байқауының жеңімпазы Нұршат Жетпісбай, қалалық «Жас маман-2021» байқауының жеңімпазы Өмірбек Қабылғазыға арнайы ақшалай сыйлық табысталды.

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының Алғыс хатымен Құралай Бектұрова, Назым Байшағарова және Рената Фаткулина марапатталды.

Сонымен бірге, бір топ үлгілі ұстаздар қала әкімінің, қалалық мәслихаттың Құрмет грамотасын, білім бөлімінің Алғыс хатын, сондай-ақ, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы қалалық филиалының марапаттарын иеленді.

Ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет қағидасы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінде тіпті де маңызды мәнге ие. Салтанатты жиында зейнетте жүрсе де білгенін жас ұстаздарға үйретіп, ізгі мақсат жолында әлі де бала тәрбиесінің бір қанатында белсенді атсалысып келе жатқан қарт ұстаздарға, білім саласында еселі еңбек етіп, биыл зейнетке шыққан мұғалімдерге құрмет көрсетілді.

Мәдениет үйінің әншілері, мектеп оқушылары әсем ән, күмбірлі күйден шашу шашты.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ     

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.