Талдықорғанда 1218 пәтер заңсыз берілген

Соңғы он жылда Талдықорғанда 1218 пәтер заңсыз үлестірілген. Бүгінде 59 пәтер кері қайтарылды. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға берілген 498 баспана заңдастырылды. 2016-2018 жылдар аралығында жетімдерге берілген 60, денсаулық сақтау саласының мамандарына берілген 60 және көпбалалы аналарға берілген 72 пәтер анықталды. Олардың ешқайсысының құжаттары рәсімделмегені белгілі болды. Осындай ақпаратпен Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев пен Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тергеу басқармасының басшысы Айдос Жетпісбаев Өңірлік коммуникациялар алаңында мәлімдеді.
Талдықорғанда 1218 пәтер заңсыз берілген

«Пәтерлердің кілттері тапсырылды. Алайда тұрғын үй комиссиясының шешімі бойынша не әкімнің қаулысы, не келісім-шарттық құжат болмаған. Қазіргі уақытта облыс және Талдықорған қаласы прокуратурасының қадағалау органы тексергеннен кейін әкімдік құжаттардың тапсырылмағанын және тұрғын үй комиссиясының шешімі жоқ екені анықталды. 1218  пәтердің 669-ы  халықтың  әлеуметтік осал топтарына жатады. Алайда, бүгінгі күні 612-сінің ғана мәртебесі растады», - деді Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев.

Мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарға берілген пәтерлер де тексеріліп жатыр.  Мәселен, тексеру кезінде адамдардың меншігінде тұрғын үй болғанына қарамастан, пәтер беру фактілері анықталды. Онымен қоса, олар мемлекет берген тұрғын үйді жалға берген. Бүгінде қайтарылған пәтерлердің барлығы тұрғын үй комиссиясы арқылы үлестіріліп жатыр.

Қазіргі таңда тұрғын үйге кезекте 15 084 азамат тұр. Соңғы 10 жылда 3983 пәтер кезекте тұрғандарға үлестірілді.

«Қала тұрғындарының наразылығы «Кезекте» бірыңғай республикалық базасын енгізу нәтижесінде тұрғын үйге кезектіліктің өзгеру фактісін тудырды. Тек осы жылдан бастап тұрғын үйге кезек автоматтандырылған жүйеде орталықтандырылған. База барлығына қолжетімді және ашық, әркім өз кезегін қадағалай алады», - деп атап өтті облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тергеу басқармасының басшысы Айдос Жетпісбаев.

Сонымен қатар, осы уақытқа дейін себепсіз 1700 адам үй кезегінен шығып қалған. Қазіргі уақытта оның 1333-і  қайта қалпына келтірілді.

 «Заң бұзушылықпен берілген 1026 пәтерге келетін болсақ, жағдай мынадай. 210 пәтер ведомстволық пайдалану үшін мемлекеттік органдардың балансына беріледі, 147 пәтер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеру жүргізуде, тұрғын үй комиссиясында 738  іс қаралды , оның ішінде 151 мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлердің ісі. 404 тұрғын үй комиссияның оң шешімін алды. 2023 жылдың наурыз айының соңына дейін бұрын берілген тұрғын үйлерді заңдастыру бойынша материалдарды қарауды аяқтау жоспарланып отыр», - деп қорытындылады Айдос Бақытбекұлы.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.