Сарыала шекпен киген күрең күзім

Сарыала шекпен киген күрең күзім

Жайдары, жанға жайлы жайлауынан,

Жаз өтті жылжып мезгіл қойнауына.

Ырысын, несібесін ала келді,

Арайлы алтын күзім аймағыма.

 

Шаттық күй көңіл көгін жайлады да,

Бас иіп құт-береке айларына.

Селт етпей мизам шуақ тұра қалды,

Күрең күз қанатын кең жайғанында.

 

Табиғат тылсым күшін сездіргелі,

Алмасып жатар жылдың мезгілдері.

Құйылып, қамбаларға ырыс толған,

Күндердің тойға ұласар кезі келді.

 

Жел мінез бақталасы күрең күздің,

Жасырар жапырақпен жүрген ізін.

Ерулей жөңкілген бұлт қосындары,

Сәт сайын көлегейлер күннің жүзін.

 

Өкшелеп күрең күзді қыстың айы,

Өткенін уақытының тұспалдайды.

Ызғарлы Қарашаның қабағынан,

Қылаулап күміс қырау ұшпалайды.

 

Кең пейіл, жомарт көңіл қалпын түзген,

Бөліскен қонақжайлық салтын бізбен,

Қоштастық, Тәңірінің өз қолынан,

Сарыала шекпен киген жарқын күзбен.

Қыдыр Байдүйсенов

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.