Ұлт асылы – Мұхтар Әуезов

Ұлт асылы – Мұхтар Әуезов

Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: бірі – «Манас», бірі – Мұхтар Әуезов. Мен қазақпын ба, қырғызбын ба? Мұны білгісі келгендерге мен Манас жөнін, Мұхтар Әуезов жайын айтып берем. Бұл екеуі – менің қандас халықтарымның мерейі, осы екеуіне иек артсам болғаны, жат жұрт арасында жалым күдірейіп шыға келеді.

Шыңғыс АЙТМАТОВ

 

Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағаныңыз. Бұл – таңғажайып, бұл – керемет! Далаға жан бітіп, дүние алғаш жаралғандағы мөлдір табиғатымен, бар тіршілік-тынысымен, тәуелсіз тұлғалы жандарымен сіздің көкірегіңізге кеп орнайды. Олардың бойындағы қызулық пен құмарлық қандай, дәл Шекспир суреттеген бейнелердің өзі! Сіз сол дәуірді көзіңізбен көргендей айна қатесіз танисыз. Ешбір ғылыми еңбек мұндай дәл жеткізіп бере алмайды. Қандай тұнық поэзия! Проза формасымен басылған осынау қалың-қалың екі томның өн бойында бір жол қара сөз болсашы.

Альфред КУРЕЛЛА, неміс жазушысы

 

Мұхтар Әуезов – ақын. Ол өз елінің далалары мен тауларын, адамдарын үлкен эпик ақынша асқан суреткерлікпен бейнелейді. Жазушының ойын-той, қыз ұзату, қаза болған кісіні жерлеу секілді сан алуан салт пен кәдені суреттеуі ғажап, сонша ұлылықпен, сонша сүйіспеншілікпен және Әуезовтей кісі жырлаған халық шынымен бақытты ғой.

БЕРЖЕРОН, француз жазушысы

 

Мұхтар Әуезовтің шығармаларында қазақ халқының басынан кешірген ауыр азап, қилы да ұзақ жолы, тамаша болашағы үшін күрес пен көкейтесті арманы, қайтпас қажыры мен ұшқыр ойы бейнеленген. Бұл, әсіресе, бар өмірін сарп етіп, жалпы қазақ халқы ғана үшін емес, орыс мәдениеті мен күншығыс мәдениетін біріктіру жолында адал еңбек сіңірген ұлы ағартушы Абайдың тұлғасынан толық көрінеді.

Мирзо ТҰРСЫН-ЗАДЕ

 

Осынау нағыз кемел шығарманың авторыдарынды жазушы ғана емес, талғампаз зерттеуші де болды, ол өзінің творчестволық талай жылдарын ұлы гуманист ақын Абайдың өмір кезеңдерін талмай зерттеуге, жалықпай жинауға, сан салалы ұлан-ғайыр фактілерден біртұтас көркем тұлға жасауға бағыштады. Ұлы ақынның тұсындағы адамдарды барлап, ол өмір кешкен тұтас бір дәуірді зерттеді. Міне, осындай қажырлы да шабытты еңбектің жемісі болып – көркемдіктің барша қасиет-сырын бойына жинаған XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ елінің өмір тіршілігі мен болмыс-тұрмысын бар қырынан жан-жақты суреттейтін «Абай» романы туды.

Қаныш СӘТБАЕВ

 

Менің досым, қаламдас інім Мұхтар Омарханұлы Әуезов адамзат өмірі мәдени тарихының төрінен аса үздік қайраткерлермен бірге құрметті орын алды. Оның майталман қаламынан туған өмір суреттері кербез сұлудың алма мойнындағы асыл тастың жарқылындай нұр-сәуле шашады. Шешен де өміршең, өрелі сөз, терең ой, суреткерлік арлылық пен адалдық оны дүниенің бар түкпіріндегі оқушыларының ыстық ықыласына бөледі.

Берді КЕРБАБАЕВ

aqiqat.kazgazeta.kz

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.