Уағыз – білімділерден

Дін – ұлағатты тәрбие, адамдықтың адастырмас жолы. Дінді адамдарға жеткізудің, санасына ұялатудың жолы – насихат. Демек, ұстаздың шәкіртке білім бергені, ғұламаның адамдарға жөн сілтегені секілді, насихатты дін саласында терең білімі бар, діни қағидаларды жақсы білетін адамдар жүргізуге тиіс. Міне, сондықтан да Қазақстанда ислам дінін тарату және насихаттау, уағыз айту – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құзырындағы дүние. Жамағатқа діни уағыз айту – осы басқарма тарапынан бекітілген мамандарға тиесілі.
Уағыз – білімділерден

Бүгінде елімізде ата дініміздің қағидаларына, ұлттық салт-дәстүрлерге мән беретін жақсы үрдіс жаңғырып келеді десек артық айтпаспыз. Оның нақты дәлелі, қазір жастарымыздың басым көбі темекі, арақтан бойын аулақ ұстайды. Үлкенді сыйлап, кішіні аялайтын ұлттық болмысқа мән береді. Интернеттен осы құндылықтар жайында ой бөлісу, білгенін ортаға салу, білмегенін сұрау секілді үрдістің өріс алып келе жатқаны жанды қуантады. Алайда, терең діни білімі жоқ адамдардың дін қағидаларын, Құран аяттарын өзінше түсіндіруі жастардың ой-санасын дұрыс қалыптастыруға кері әсерін тигізуі бек мүмкін. Халық арасында: «Білмей шалқып сөйлеуден, сөйлемей қойған бес артық» дейтін керемет сөз осындай шалалыққа айтылса керек.

Діни мағлұматтарды жастарымыз интернеттегі кез келген ақпарат көзінен емес, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы белгілеген сайттардан алғаны дұрыс. Себебі, әрсаланың маманы, білгірі болатыны сияқты, дін саласының да мамандары бар. Сондай адамдардың ақыл-кеңесіне жүгінбей, интернеттен «ұстаз» іздеудің түбі жақсылыққа апармайды. Тіпті, ондай жастарды жат пиғылды күштер адастырып, өз мақсаттарына пайдалануы да мүмкін.  

Әдеттегідей, интернетте бәрі жақсы, тартымды болып басталады. Кейде оның соңын немен байланыстыратынын уағыз айтушының өзі де білмейді. Мұның соңы адасушылыққа апарады. Осындайдан сақтану үшін діни басқармада ғалымдар мен ғұламалар кеңесі құрылған. Осы Кеңес арқылы әр облысқа арнайы сауатты имамдар бекітілген. Қандайда бір сұрақ туындай қалғанда, дереу интернетті ақтармай, өзі тұрып жатқан жердегі мешіт имамдарымен, ондағы ұстаздармен хабарласып, тікелей немесе олардың әлеуметтік желідегі электронды мекенжайы арқылы бағыт-бағдар алуға болады.

Бүгінде жастардың адасуы, тіпті жат ағымдардың жетегінде кетуі, көп жағдайда, діни білімнің қайнарын, бұлақ көзін дұрыс таба алмауымен байланысты.

Тарихқа зер салсақ, ата-бабаларымыз дінді жүрекпен, санамен қабылдаған және оны ұлттық болмыстың бойына сіңіре отырып, ұлттық салт, өмір дағдысы негізінде ұстанған. Ол кезде мұсылмандар көп болды және бүгінгідей террорист, уахабист, радикализм дегендерден ада еді. Себебі, олар бір мектептің, бір мазхабтың, бір имамның бағыт-бағдарымен жүрді. Еліміздің батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігінде ислам ұстанымдары бірдей болды. Ол кезде ақпараттың бүгінгідей мүмкіндігі болмағандықтан адамдар аты белгелі тұлғалардан жеткен біліммен сусындаған ел ішіндегі имамдардың, абыздардың айтқандарын тыңдады. Ал, қазір кез келген адам қолындағы смартфон арқылы әлемдік жүйеге қосыла алады.

Құранда Алла-Тағала «Білмесеңдер білетіндерден сұраңдар» деген. Демек, айту үшін сол туралы сенде жетерлік білім болуы керек. Жастарымыз интернеттегі дін туралы уағыз айтушылардың тәтті сөзіне бірден елітіп кетпеуі, оның кім екенін жан-жақты біліп алуы лазым. Тілі тәттінің бәрі жанашыр емес, тартымды сөздер біртіндеп қақпанға айналуы да мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Бірінші кезекте, сол тыңдап жүрген уағызшы Қазақстан діни басқармасында қызмет істей ме? Оның уағызы ата-бабаларымыз ұстанған жол – Әбу Ханифа мазхабына сәйкес келе ме? Халқымыздың ұлттық болмысын қаншалық біледі? Ұлт ұлылары туралы ше? Тыңдап жүрген уағызшы арнайы бекітілген насихатшы ұстаз ба? Міне, осындай сұрақтар арқылы уағыз айтушыны зерделеп алған артықтық етпейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дін – насихат» деген. Кейде діни білімі таяз адамдар осыны бетке ұстап,  діни мәселелерге қатысты пікір білдіріп, пәтуа айтып жатады. Бұл ел арасында түсініспеушілік, тіпті араздық тудыруы мүмкін. Діни білімі болмай уағыз айту да, оны талғамсыз тыңдау да тек адасушылыққа әкеледі. Соны естен шығармау керек.

 Аман Айтбосынұлы, қалалық «Керімбек би» мешітінің бас имамы

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.