Өркендеу жолында

0
70

 

Өткен аптада текеліліктер қоғамдық өміріміздің сан салалы дамуы мен қол жеткізген жетістіктеріміз әспеттелген қала күні мерекесін тойлады. Күздің жанға жайлы жайма-шуақ күнімен жарасым тапқан мерекеге жиналған көпшілік қала дамуының бүгінгі тыныс-тіршілігін бағамдап, алдағы қадамдарымыздың нық боларына сенім артты.

Гагарин көшесінің бойында қаз-қатар тізілген шатырларда мекеме, кәсіпорындардың қол жеткізген татымды табыстары көпшілік назарына ұсынылды. Әсіресе, кәсіпорындарымыз өндірген жергілікті өнімдер көңілге сенім ұялатады. Бұл тұрғыда мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауы маңызды рөл атқарып, бүгінде кәсіпкерлік кең өріс алып, тау-кен, құрылыс, ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қызмет көрсету салалары тың серпінмен дамуда. Экономикалық өсім білім мен мәдениеттің, спорттың дамуына мол мүмкіндіктер ашып, қаламыздағы білім мекемелері мен балабақшалардың, мәдениет ошақтары мен спорттық нысандардың материалдық-техникалық мүмкіндігі жыл өткен сайын кемелденуде. Жолдар жөнделіп, аулалар абаттандырылуда, тұрғын үйлер салынып, жылу жүйелері, кәріз құбырлары жаңалануда. Барлық саладағы осындай оңды өзгерістер қала тұрғындарының жан дүниесін серпілтіп, мәдениеттің мәйегіне айналуда. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған іс-шаралар, сондай-ақ, спорт, туризм саласындағы жетістіктеріміз бейнеленген көрмелерден айқын аңғарылды. Қала күні мерекесінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Алма-алмұрт-бал» жәрмеңкесі қаламыздың жеміс-жидек және бал өндірісі саласындағы өңірлік ерекшеліктерін ел игілігіне айналдыру бағытындағы қолға алынған іргелі бағдарламалар мен сүбелі жетістіктерімізді паш етті. Арбатта өткен «Күзгі бояулар» көрмесі көркем табиғатымыздың адамдар санасындағы әдемі өрнегін әйгілеп, шалқар шабытпен тоғысқан ғажайып туындылар қала күні мерекесіне сән
қосты.

Абылай хан көшесінің бойында қазақ күресі, каратэ, қол күресі, арқан тарту, гір тасын көтеру, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды. Орталық базарда күзгі ауыл шаруа-шылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, сенімді сапасымен, лайықты бағасымен ерекшеленген өз өнімдеріміз көптің көңілінен шықты.

Тәуелсіздік алаңында өткен салтанатты жиында көпшілікті құттықтаған қала әкімі Бахтияр Өнербаев: «Жыл сайын дәстүрлі түрде тойланатын бұл мереке әр азаматтың, әр отбасының сүйікті қаласына деген құрметін, ыстық ықыласын қалыптастырады», – дей келіп, инфрақұрлымдарды жаңғырту, тұрғындарды баспанамен қамту, өмір сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктерге жеке-жеке тоқталып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруда татулық пен тұрақтылықтың негізі болған қоғамдық келісімді сақтаудың, ойшылдықпен, іскерлікпен еңбек етудің, қолымыз жеткен жетістіктерімізді бағалаудың маңыздылығын алға тартып, туған жеріміздің өркендеуі, көркеюі жолында жұмыла жұмыс істеп, бақуатты өмірге ұмтылған барша текеліліктерге ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ, «Қала адамы-2019» аталымы бойынша қоғамдық өмірдің әр саласында ершімді еңбегімен, жемісті жетістіктерімен көзге түскен бір топ озаттарды марапаттады. Олар:

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертай Дүйсебаев, металлург, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Шалбаев, «Текелі қаласының «Шарапат-Сауап» КҚ төрағасы Бүркітбай Файзолла, құрылысшы Рахымжан Нұржанов, білікті дәрігер Александр Сидехменов, «Шапағат» орталығының директоры Алма Нұрмыханова, қоғамдық белсенді жалғызбасты аналар ассоциациясының директоры Мира Бочарникова, «Швейцария» мейрамханасының директоры Жібек Бектұрова, «ТЭК» ЖШС қазандық-турбиналық цех басшысының орынбасары Александр Бурковский, АЭЖ бас инженері Нұржан Бакенбаев, каратэден үздік жаттықтырушы Рафаэль Райманов, №8 орта мектебінің мұғалімі Римма Нестерова, төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Қалықов, қалалық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Рүстем Мәдібеков, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қол күресінен 2 дүркін Азия чемпионы Рустем Жаакпеков, балалар шығармашылық орталығы көркем сурет бөлімінің оқытушысы Анна Кувычко, жас кәсіпкер Тілек Еректыбаев, кәсіптік колледждің үздік студенті Алена Мартынова. «Жетісу жұлдыздары» байқауының жеңімпазы, бала әнші Яна Адамова диплом, «ЖантасТ.С.О» ЖШС қызметкері Нүсіп Сыбанбаев грамота, сауда және кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін Зинаида Доровских алғыс хат иеленді, сондай-ақ, үйді және маңайды таза әрі жарасымды етіп ұстау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпазы Абылай хан көшесі 19-үйдің тұрғындары марапатталды.

Қала күні мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізген қалалық мәслихаттың хатшысы Николай Калиновский мемлекеттің қолдауы мен текеліліктердің ерік-жігері қаламыздың болашағын баяынды ететіндігіне сенім білдірді.

Айта кетерлігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі шағын қалалар арасында өткізілген екінші республикалық «Алтын шаһар» фестивалі жеңімпаздарының қала күніне арнаған Гала-концерті көрермендердің көңілін көтерді.

Кешке Тәуелсіздік алаңында «80-90 жылдарының хиттары» би кеші ұйым-дастырылды.

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз