Тау жолын бағындырған  шабандоздар

0
175

Өткен сенбіде «Металлург» шағынауданындағы тау бөктерінде мотоцикл спортынан Қазақстан Республикасының кубогы үшін жарыс өтті.

Жас санаты бойынша 5-16 жасқа дейінгі жасөспірімдер және 16 жастан асқан ересектер арасында өткен жарысқа еліміздің жер-жерінен 60-қа жуық мотошабандоз қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы көпшілікті құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Күрделі әрі қауіпті кедергілерді, құлама тау жолдарын бағындыру ержүректілік пен ептілікті қажет етеді. Сондықтан, жарысқа дайындықтан өткен, астындағы темір тұлпары тау жолдарына арналған әрі қауіпсіздік талаптарына сай іріктелген спортшылар қатысады.

Шабандоздар айқасқан бөренелер, құм және топырақ төбелер, суға толған ор, үйілген резеңке баллондар, т.б. кедергілерден өткен соң, биік тау беткейімен шыңға ұмтылады. Бұл айтуға ғана оңай. Орындалуы өте қиын жарысты тамашалауға тіпті, жақын шетелден де адамдар келді.

Ересектер арасында өткен жарыста біздің шабандозымыз Игорь Пустынский 2 минут 50 секунд уақыт ішінде барлық кедергілерді шеберлікпен бағындырып, жеңімпаз атанды. «Абсолют» сыныбында текелілік Юрий Коваленко үздік нәтижесімен жылжымалы эндуро Кубогын қанжығасына байлады.

Жарыс жоғары деңгейде өтіп, көпшілікке жақсы көңіл күй сыйлады.

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз