Жастарды бизнеске бейімдеу

0
43

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалында өтіп жатқан «Жас кәсіпкер» бизнес оқуына қаладағы бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшылары мен мамандары қатысып, курсанттардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Еске сала кетсек, Жастар жылына орай ұйымдастырылған «Жас кәсіпкер» бизнес оқуы шілде айында басталған. Қала жастары оқуға белсенді қатысып, кәсіп бастау мен оны дамытудың қырсырын меңгеруде. Осы орайда қалалық кәсіпкерлік бөлімі, мемлекеттік кірістер басқармасы, жұмыспен қамту орталығы, төтенше жағдайлар бөлімі, сондай-ақ, тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары кәсіпкерліктің заңдық негіздері, сондай-ақ, мемлекеттік қолдаулар бойынша курсанттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жан-жақты түсіндірді.

Мысалы, кәсіпкер мемлекеттің қолдауына сүйене отырып, өзіне қажетті мамандарды іс-тәжірибеден өткізе алады. Яғни, қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жасалған келісімшартқа сай, іс-тәжірибеден өтушінің 6 айға дейінгі еңбекақысы, сондай-ақ, әлеуметтік төлемі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы мен бірыңғай зейнетақы қорына аударымдары мемлекет тарапынан төленеді. Бұл кәсіпкерлерге де, қызмет іздеушілерге де мол мүмкіндік береді.  Қазір осы орталық арқылы да көп балалы отбасының кәмелеттік жасқа толған мүшелері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арнайы бизнес оқу курстарына қатысқаны туралы сертификат, сондай-ақ, бизнес жобаларын қорғау арқылы 250 және 500 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік гранттар арқылы отбасылық бизнесін құруға, шағын кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда, мемлекеттік грантқа белгілі бір кәсіпке байланысты құрал-жабдықтарды сатып алуына болады. Іске ебі бар, еңбекқор, алғабасар адамдар осындай мүмкіндіктерді мүлт кетірмей, игілік көзіне айналдыра алады.

Қазір елімізде бизнесті тексеруге қойылған мораторий күшінде. Әрине, бизнес өкілдері заңдық талаптарды саналы түрде уақытында және жауапкершілікпен атқаруға міндетті. Айталық, мал өнімдерін сатумен айналысатындар қаладағы тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының арнайы мамандары арқылы тауарлық сүтті, майды, етті саудаға жіберілуден бұрын тексертуге міндетті. Сол секілді, өрт қауіпсіздігі де басты назарда. Дүкендер мен қоймалардың көлемі мен ондағы сақталған заттардың сипатына қарай қажетті қауіпсіздік шаралары белгіленген. Ал, салық әрбір азамат үшін міндетті. Патенттен бастап, барлық режимдегі тауарлық өнімдерге, қызметтерге байланысты салықтар бас тартуға болмайтын азаматтық жауапкершілік болып табылады. Міне, мұның бәрі бизнеспен біте қайнасып жататын, әрбір бизнес өкілі, кәсіпкер білуге тиісті заңдық негіздер. Әсіресе, өз кәсібін ашуға ұмтылыс жасап жүрген жастар кәсіпкерлік туралы теориялық білімдерді меңгерумен бірге, жоғарыда аталған бизнеспен тығыз байланысты мемлекеттік қызметтер туралы да жан-жақты мағлұматқа ие болуы тиіс.

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз