Шекара шебін күзеткен сарбаздар

0
48

 

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 27 жылдығы қарсаңында Жаркент шекара отряды 2091 әскери бөлімінің атты әскерлер эстафетасы қаламызға келіп, тұрғындарға концерттік бағдарламаларын ұсынды.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Шығыс» өңірлік басқармасының бастығы, полковник Жәнібек Төлебаевтың бастамасымен облысымызда алғаш ұйымдастырылған атты әскерлер эстафетасы шығыста, Іле өзенінің бойындағы шекара бекетінен басталды. Өңіріміздегі барлық шекара бекеттерін, сондай-ақ, оған жақын орналасқан елді мекендерді аралап, концерттік бағдарламаларын ұсынып, шекарашы сарбаздар мен халықтың арасындағы терең достықты әспеттеген эстафетаны көпшілік жылы қабылдады.

Эстафета құрамында «Шекара жүректері» атты аспапты әскери ансамбль, сондай-ақ, әйелдер кеңесінің мүшелері, әскери медициналық қызметкерлер бар. Олар шекара бекеттеріндегі командирлердің, әскерилердің, келісімшартпен міндет атқарып жатқан мерзімді әскери қызметкерлердің, олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын тексеріп, әлеуметтік хал-жағдайларымен жақыннан танысты. Шешуге тиісті мәселелерді назарға алып, шалғайда жүріп, жеріміздің амандығын күзеткен жауынгерлерімізге деген мемлекеттің қолдауы мен елдің ыстық ықыласын жеткізді.

Шекара шебін қорғау – әсерлердің, сонымен бірге, баршамыздың азаматтық жауапкершілігіміз. Дәл осы тұрғыда әскер мен халықтың біртұтастығы, бір-біріне деген сенімі мен тығыз қарым-қатынасы, риясыз достығы қашанда маңызды. Эстафета барысында осы түйінге назар аударылды. Әскери қызметке, соның ішінде шекара қорғау қызметіне жастардың қызығушылығын арттырып, патриоттық сана-сезімді бекемдеуге баса маңыз берілді. Ұйымдастырушылар  шараның қалада сәтті өткізілуіне мүмкіндіктер жасаған қала әкіміне ризашылықтарын жеткізді.

Ауыздықпен алысып, төрт тұяғын тең басқан сұлу жүрісті сәйгүліктердің үстінде кеудесін тік ұстап, қасқайған сарбаздар Көк туымызды желбіретіп, атты әскердің айбынын паш етті. Алаңға жиналған көпшілік, әсіресе, жастар ат үстіндегі сарбаздары-мыздың келісті келбетін қызыға тамашалады. Қалалық Мәдениет үйінің алаңында өткен шарада Көксу және қаламызға қарасты Рудничный ауылы маңындағы шекара бекетінің атты әскерлері эстафета кубогын Текелі шекара бекетінің бастығы Абзал Қасымбековке салтанатты түрде табыстады.

Осыдан соң әскери ансамбльдің өнерпаздары патриоттық әндерді шырқап, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз