Ел ертеңі экологиямен етене

0
162

  Республикалық «Бірге – таза Қазақстан» акциясына текеліліктер де белсенді атсалысты.
Акцияның мақсаты – елді мекендердің тазалығы мен экологиялық жағдайына барша қазақстандықтардың назарын аудару және жауапкершілік сезімін ояту, сол арқылы жас буынды жақсы әдетке баулу болып табылады.
Жалпы, тазалық пен тәртіп, экологиялық жағдай – елдің әлеуметтік әлеуетін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің қатарында. Елбасы Жолдауларында және стратегиялық мақалаларында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды өзек етіп, барлық мүмкіндіктерді осы мақсат жолына бағыттап келгені белгілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сайлауалды бағдарламасында осынау игі бастамалардың іске асырылуына күш салатынын атап айтты.
Әрине, кез келген әлеуметтік мәселе тазалыққа, тәртіпке, сондай-ақ, экологиялық ортаға тікелей байланысты. Бұл ең алдымен, халықтың денсаулығына, көңіл-күйіне әсер ететін маңызды түйін. Сондықтан, елді мекендердің, ондағы көшелер мен жолдардың, аулалардың таза әрі жарасымды болуын қадағалау, әсіресе, өзен, көлдердің жағалауы мен оған құятын бұлақ көздерінің тазалығына мән беру ісі өзекті.
Қазір күнделікті тұтынатын заттардың түгелге жуығы қорапталған. Ішіндегі затты пайдаланған соң, пластикадан жасалған қораптар, құтылар қоқысқа айналады. Бірреттік полиэтилен қалталар, пакеттер кез келген жерде шашылып жатса, бұл біртіндеп үлкен экологиялық апатқа айналуы әбден мүмкін. Бүгінде Еуропадағы бірқатар елдер бірреттік полиэтилен қалталарға шектеу қойған. Бұл ойландыратын мәселе.
Туризмді дамыту тұрғысынан мол мүмкіндікке ие қаламыздың экологиялық ортасын жақсартуға басымдық беріліп отыр. Бүгінде қала іргесіндегі өндірістік қалдықтарды жабу, ауыз суға жерасты суын пайдалану секілді аса маңызды мәселелер күн тәртібінде тұр. Ал, қала тазалығы – баршамызға ортақ іс. Бір сөзбен айтқанда, қаламыздың таза, қауіпсіз әрі көркем болғаны біздің экономикалық дамуымыздың да алғышарты екенін жақсы білуіміз керек.
Осы мақсатты алға шығарған текеліліктер республика бойынша қолдауға ие болған «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясына бір кісідей қатысып, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпорындардың ұжымдары мен «Jasyl el» жасақтары әлеуметтік орындарды, көшелерді, өзен бойларын тазалады. Әсіресе, «ТЭК», «ТКҚӨК» ЖШС, қалалық аурухана, «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымдары белсенділік танытты.

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз