Қымызмұрындық

0
237

Бұл дәстүр – дәстүрі ғой Қазағымның,
Сақтаған салт-санамның тазалығын.
Жаңғырған көне заман тарихынан,
Естимін келіп жеткен ғажап үнін.

Күпілдеп күбі күн-түн пісіледі,
Қымыздың иін баптап түсіреді.
Еркелеп енесіне ерке құлын,
Желіде желбау жұлқып кісінеді.

Көңілдің күмбезіне үкі тағып,
Қонағын құдайындай күтіп алып.
Арқаны кеңге салып кеңеседі,
Қымыздан қариялар жұтып алып.

Шөл басар, көңіл ашар қымыз қандай,
Жанға ем, дертке дауа, дәмі балдай.
Қымызды ойлап тапқан бабаларым,
Бір меске бар ғаламды сыйғызғандай.

Қымыздың киесі бар, құдіреті,
Шымырлай көбік шашар күбі беті.
Желіге құлын толсын дегендей-ақ,
Күн күліп алтын арай нұрын төкті.

Жаңғыртып бүгін міне, бұрынғыны,
Болсын деп игі істердің мұрындығы.
Тығыны ағытылды ақ сабаның,
Артсын деп салт-дәстүрдің құндылығы.

Елімнің той бұлағы тартылмасын,
Сабасы қазағымның сарқылмасын.
Ғасырлар қойнауынан алып келген,
Салт-дәстүр, жоралғысын халқым асыл.

Көрдім мен ұрпақтардың жалғастығын,
Көненің көзі ұмыт қалмастығын.
Қолы мәрт, жаны жомарт Қазақ барда,
Мәңгілік жоғалмайды салт-дәстүрім.
Қыдыр БАЙДҮЙСЕНОВ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз