Полицияның күші беделінде

0
42

  Полиция – адамдарға құқықтық қызмет көрсетуші, яғни, Ата Заңымыздан бастау алған құқық нормаларын басшылыққа ала отырып, заңсыздықтарға тосқауыл қойып, мемлекет пен ел азаматтарының мал-мүлкін, мүддесін қорғаушы. Заң-ережелердің түп-төркіні ізгілік қағидаларынан нәр алатынын ескерсек, полиция қызметкерлерінің мінез-құлқының адамгершілік талаптарына сай болуы заңды құбылыс.
Шындығында, полиция қоғамдық тәртіптің, мемлекеттік беделдің айнасы. Әдетте, қоғамның келбетін, ішкі тыныс-тіршілігін халықтың өз полициясына деген сенімі мен ықыласынан аңғару қиын емес. Егер, халық өз полициясын қолдаса, демек, қоғам тәртіпті, мәдениетті, һәм өркениет өрісінде деген сөз. Бұған дау жүрмейді.
Дамыған елдердің тәжірибесінде полиция қызметіне өте көңіл бөлінеді. Полиция қатарында қызмет ету үшін азаматтар дене қуатын күшейтуге, осы саладағы кәсіби білімдерді жетік меңгеруге, сондай-ақ, мінез-құлық нормаларын қалыптастыруға тура келеді. Яғни, бұл салада кездейсоқ адамдар ешқашан қызмет ете алмайды. Бала күнінен өзін полиция боламын деп жан-жақты баулыған, арнайы оқу орнынан өткен, халықпен етене қызмет істей алатын мінез-құлық қалыптастыра алған, заңбұзушыларға берілмейтін, мақсаты мен майданы айқын азаматтар іріктеледі. Полиция беде-лінің жоғарылығы сондай, мысалы, Францияда 50 орындық полиция комиссары мектебіне оқуға түсуге үміткер саны 3 мыңнан асса, Швецияда полицияның оқуы үшін бір орынға оннан аса адам таласады екен. Полиция қызметін айтпағанда, алғышарттардың өзі бәсекелестікке толы деген сөз.
Әрине, бұл тек салыстырма ғана. Бізде де сондай алғышарттар жоқ деп айта алмаймыз. Мектептерде алғашқы әскери дайындық сабағы жүреді, оқушылар әскери қызметтің қырсырына бала күннен қаныға бастайды да осы салаға қызығатын, дене қуаты күшті, мінез-құлықты жастардың қатары қалыптасады. Сондай-ақ, елімізде әскери жоғары оқу орындары да жетерлік. Демек, жағдай жасалған. Мәселе, полиция қызметін таңдаған азаматтарымыз бүгінгі қоғамды зерделеп, халықтың санасын бағалай білуі керек. Қазір біз мүлде жаңа кезеңге көтеріліп кеткенімізді ұғынуымыз тиіс. Бүгінгі қоғам ашықтыққа ұмтылуда, халқымыз өз мәселесіне, болашағына көңіл бөле бастады. Міне, халықтың полициясы өз қызметін дәл осы жерден бас-
тауы, өзін халыққа, қоғамға жақындата түсуі керек.
Егер, полиция қызметкерлері еліміздегі заң-нормаларды жетік білмесе, өзінің мемлекет берген өкілеттілігін бағалай алмаса, халықтың сенімі мен құрметіне немқұрайды қараса, онда халықтан алшақтап кетеді. Бұл полиция имиджінің түсуіне, беделінің қашуына, ақыры қызметінің берекесі кетіп, қоғамда заңсыздықтардың өршуіне алып келеді.
Сондықтан, әрбір полиция сергек, сау денелі, рухы биік, кез келген жағдайға байланысты байыпты шешім қабылдай алатын, заңсыздықпен ымырасыз, халықшыл, елшіл болуы керек. Бұл – үлкен күш.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз