Санаға сәуле

0
69

  Бие байлап, алғашқы қордаланған қымызға ауыл ақсақалдары мен көршілерді шақырып, ақ көпке бұйырсын деген ізгі тілекпен дастарқан жайып, аталардан бата тілеу салтын халқымыз қымызмұрындық деп атаған. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз жарқырап, берекенің құты құйылатын қымызмұрындық мерекесі осы аптада Текелі қаласында өтті.


Қалалық «Шарапат-Сауап» корпоративтік қоры мен ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған мерекеде қала әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы көпшілікті құттықтап, ізгі тілегін жеткізді:
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары халқымыздың ұлттық болмысын, салт-дәстүрлерін сақтап дамытуды мақсат етеді. Себебі, жаһандану үдерісі бүгінгі дамыған ғылым мен техниканың барлық мүмкіндіктерін еркін пайдаланып, жас буынның дүниетанымы мен көзқарасына тез ықпал етуде. Сондықтан, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салт-дәстүрлерімізді күнделікті өмірде қолдануға мән берудің маңызы зор. Осы мақсатта халқымыздың баяғыдан келе жатқан қымызмұрындық салтын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл жастарымыздың ата-бабымыздан жалғасып, бізге жеткен бай мәдениетімізге, өнерімізге деген қызығушылығы мен құрметін арттыруға септеседі», – дей келіп, игі дәстүрлерімізді сақтап, дамытуға күш салып жүрген «Шарапат-Сауап» корпоративтік қоры төрағасы, құсбегі Бүркітбай Файзоллаұлына риза-шылығын жеткізді.
Жоғарыда атап өтке-німіздей, қымызмұрындық мерекесінде ауылдың үлкендері, игі жақсылар бір дастархан басына жиналып, алғашқы қымыздан дәм тата отырып, жылы күнде атқарылатан істерді, алдағы қыс қамы туралы да кеңескен. Бір сөзбен айтқанда, игі істерге мұрындық болатын жоба-жоспарларды талқылап, бекіткен. Сондай-ақ, мүмкіндікке қарай өнер сайыстары өткізіліп, жастар жағы ойын-сауық құрған.
Ұйымдастырушылар мерекенің осы тәрбиелік мәніне баса назар аударды. Алдымен, биебау майлау дәстүрі орындалды. Биебау құлынға толсын, саба қымызға толсын, ақ бойға қуат, денге саулық сыйласын, береке-ырыс кетпесін деген ізгі тілекпен Файзолла әулетінің әжесі Бұлғын қажы Қанағатқызы биебауға, биебау қазығына ырымдап май жағып, ақ байлады. ҚР Жазушылар одағының мүшесі, публицист, аудармашы, ақын Бақытбек Бәмішұлы халқымыздың жылқыға деген құрметі мен ерекше ықласын біліретін – айғырдың жалын, биенің сауырын майлау ырымын жасады.
Ақылды, сергек һәм таза жылқы баласының асыл қасиеттері аз емес. Әдетте, адуынды айғырлар үйіріндегі бие мен құлынды ит-құсқа алдырмайды, жан-тәнімен қорғайды. Үйірін сулы, нулы, шөбі шүйгін жерлерге бастап, үнемі қарауылдап жүреді. Дауылда, ақ түтек боранда жол тауып, пана болады. Сол секілді, үйірдегі жасы үлкен, көп құлындаған биелердің де орны ерекше. Қазақ мұндай биелерді жылқының басы деп, сый-құрметпен қарайды. Жылқышы Жасұлан Бүркітбайұлының айтуынша үйірдегі бие басы, Құлан – биыл 19-да. Ақ сары түсіне қарап оны құлын кезінен солай атап кеткен. Ғажабы сол, өріске шыққанда, жайылғанда, су ішкенде, тіпті өрістен қайтқанда үйірдегі бірде-бір жылқы Құланның алдына шықпайды, тоқтаса, тоқтайды, жүрсе, артынан шұбыра жөнеледі.
Биебау басына нағыз жайлау үстіндегі салтанат сән құрды. Құлынлар байланған соң биле сауылып, көпшілік саумалдан дәм татты. Осындайда сауыншы көнектегі саумал көбігін саусақтарымен іліп алып балаларға жалататын әдет бар.
Мерекеші қауымды Құрмет Ақанұлының өнері мен бойындағы қасиеті қайран қалдырды. Темірден түйін түйетін Құрекең ат абзелдерін, тұрмысқа қажетті бұйымдарды оп-оңай жасай береді. Өңделген ешкі терісенін, жұқа тақтайдан қиюластырылып жасалалған көрік, көрік басына отқа төзімді тастан қашалып бекітілген гүші, кепкен қарағайдың шаласы, қысқыш, кескіш, балға, міне, бар болғаны осы заттармен ғана кез келген металды лезде балқытып, соғып, түрлі пішінге келтіре береді. Бірер сағаттың ішінде темірден таға, шеге жасап, бірнеше атты тағалап жібереді. Оның жылқыға шалма тастау өнері тіпті ерекше. Адамнан үркіп, дүркірей қашқан көп жылқының ішінен көздегенін жібермейді. Қыл арқанды шумақтап алып, құлаштай лақтырғанда, арқанның ілмекті басы мойнына сап ете түскенін көз ілестірмей зулап бара жатқан жылқының өзі сезбей қалып, екпінімен омақасып кетеді. Айта кетерлігі, ақсақалдың бойындағы қайрат пен сес сауырына саусақ тимеген шу асаудың өзін жуасытып жібереді. Қарымды қолымен құлақтан жымыра басқанда, қолды-аяққа тұрмай ертоқымды бауына алып тулаған асаудың көзі шадырайып, танау дейдиіп, дір-дір етіп, төр аяқап тұқырып қалады. Ақсақалдың осы қасиетін асау үйрету кезінде көзімен көрген көпшілік таңдай қағып, қайран қалысты.
Қолынан бал тамған жеңгелер дастарқан басында жастарға құрт, май, ірімшік, қатық, айран секілді ұлттық тағамдардың жасалу қағидасын түсіндірді.
Салтанатты тойда, үлкен аста сайдың тасындай іріктелген жігіттер сый табақты қонақ үйлерге жорғамен жеткізеді. Мерекеде халқымыздың жор-ғамен табақ тарту салты да көрсетілді.
Ақ сақалды аталар дастарханға бата жасап, ақ самайлы аналар ізгі тілектерін білдірді. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертай Дүйсебаев өңірі-
мізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған салтымыздың жалғасын табуына атсалысатынын жеткізді. Республикалық «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқұызы қымызмұрындық салтының жан-жақты дайындықпен, жас ұрпақ санасына сәуле түсірердей жара-
сымды етіп ұйымдастырылғанына тәнті болғанын жасырмады. Текелі қаласының Құрметті азаматы Мәкен Шалқыбекова ізгі тілегін айтып, жастарымыз ұлттық дәстүрлерден, шаруашылық салттардан алшақтап бара жатқан бүгінде халқымыздың төрт түлік малдың, соның ішінде жылқының сүтін, етін, күшін адам баласының игілігіне айналдырудағы өрелі өнері мен мәдениетін насихаттайтын қымызмұрындық мерекесінің тәрбиелік мәніне ма-ңыз берді. Ақын Қыдыр Байдүйсенов мерекенің бар болмысын өлеңмен өрсе, әншілер халық әндерін әуелетті.
Көпшілік тереңде жатқан ұлттық санадан нәр алып, бойға рухани күш жинап бір сергіп алды.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз