Береке – игі істердің сабақтастығында

0
205

  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының ресми Президенті болып сайланды. Сәрсенбі, сәтті күні Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында салтанатты ұлықтау рәсімі өтіп, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді.
Дәл осы сәттен бастап ел Президенті қызметіне ресми түрде кіріскен Қ.Тоқаев алда басымдық беретін 9 бағытты айқындап, ең алдымен халықтың табысын көтеруге маңыз беретінін жеткізді. «Бірінші бағыт – халықтың табысын арттыру. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұтуы үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы нақты міндеттерді айқындаймыз», – деген Мемлекет басшысы ел мүддесі, халық қамы көзделген осынау игі мақсаттың ойдағыдай іске асырылуына кедергі, барша игі бастамаларымыздың түпкілікті орындалуына тұсау болатын жемқорлықпен күреске баса назар аударатынын қадап айтты. Осы тұрғыда заңның үстемдігін, барша қазақстандықтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету, халықтың мемлекет-тік билікке деген сенімін күшейту үшін құқық қорғау саласын, әсіресе, сот жүйесінің әділдігіне қол жеткізуге күш салынатынын жеткізді. Мемлекет басшысы жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен халықтың лайықты жалақымен қамтылуы бір-біріне тура пропорционал болуы керектігіне де тоқталды. Яғни, еңбек еткен адам еңбегінің игі-лігіне кенелуі керек, күні бойы жұмыс істеп, тапқаны тірлігіне татымайтын теңсіздік халықтың сапалы өмірге деген сеніміне селкеу түсіреді. Бұл туралы Қ.Тоқаев: «Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі, бұл – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет», – деді. Президент халықты баспанамен қамту ісіне де баса назар аударып: «Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды»,– деп, үй құрылысы саласына серпін берілетінін меңзеді. Сондай-ақ, елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, жолдардың сапасын жақсарту, қоршаған ортаның тазалығы мен экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мән берілетінін атап айтты. Президент адам капиталын дамыту ісін мектептер мен денсаулық сақтау саласын жан-жақты дамыту, мұғалім мен дәрігер мәртебесін көтеру, олардың экономикалық, материалдық мүмкіндіктерін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар арқылы ойдағыдай іске асыруға болатынын нақты-лай түсті. Бүгінге дейін қабылданған маңызды мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі іске асуы үшін өңірлерді дамытудың жаңа бағыттары белгіленетіндігін де жеткізді. Ең маңыздысы, халқымыздың рухани құндылықтарын сақтау және дамыту, озық өркениетке ұмтылу мақсатындағы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы табанды түрде іске асырылып, ұлттық құндылықтарымызға баса мән берілетін алға шығарып: «Рухани жаңғыру құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым мен білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды бо-лашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан, бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы. Қорыта айтқанда, Елбасы-ның сара саясатының арқасында қол жеткізген барлық жетістіктерімізді сақтай отырып, айрандай ұйыған бірлігімізді қорғау, елшілдік, мемлекет-шілдік рухты жетілдіру, еселеп еңбек ету және сол еңбектің игілігін өркениетпен ұштастыру –біздің бұлжымас бағдарымыз болмақ.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз