Өз таңдауыңды жаса

0
205

  Қазір қай-қайсымыздың да алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге күмәніміз жоқ. Біз, тіпті елімізде өз өмірімізде болып жатқан оңды өзгерістерге үйреншікті нәрседей қабылдауға да дағдыланып кеттік. Елдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси жағдайдың өрістеуі өздігінен, оп-оңай болып жатқандай көрінеді. Ешнәрсе тегіннен-тегін келмейді. Тәуелсіздіктің де, нарықтың да, демократияның да біз үшін қалыптасқан сара жолы болған жоқ. Бәрін де жаңадан бастадық. Оның артында халқымыз бен барша қазақстандықтардың қажырлы еңбегі, бірлігі, тату-лығы мен төзімділігі тұр. Бәрінің артында Елбасының сарабдал саясаты, көрегендігі, ерік-жігері мен табандылығы, салқынқандылығы бар.
Азаттықтың ақ таңы атқан алғашқы жылдарды еске алсақ, егемендік алған тұста ел экономикасының жағдайы қандай еді? Ұзақ жылдар әлемнің алтыдан бір бөлігіне үстемдік еткен алып империя – КСРО-ның құрамында болған Қазақ елі жоспарлы экономикасының барлық көрсеткіштері құлдырап, құрып кетудің сәл-ақ алдында еді ғой. Сондай қиын тұста ел егемендігі жарияланып, бүкіл қазақ даласының тәуелсіздігін төрткүл дүниеге паш етілгендігін ерекше қуанышпен еске аламыз. Оны ұмытуға бола ма?!
Ал қазір ше? Елдің, тіпті, басқаны айтпағанда, біздің Текелі қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына көз жүгіртсек, алып адыммен демесек те, қарышты қадаммен алға жылжып келеді. Атап айтсақ, өнеркәсіп, мәдениет, шаруашылық, шағын кәсіркерлік қанатын кеңге жаю үстінде. Сондай-ақ, қалаға инвестиция тартуда да едәуір ілгерілеушілік бар. Тұрғын үй салу, қаланың ішіндегі су және жылу жүйелерін қайта жөндеу, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, жаңалау, абаттандыру саласында да қыруар жұмыстар жүргізіліп жатқандығы күнделікті көз алдымызда өтіп жатыр. Әлеуметтік салада да ілгері жылжу байқалады. Жаңадан жұмыс орындары ашылуда. Тек, комбинаттың бір өзінде ғана мыңға тарта адам еңбек етсе, қоғам-дық жұмыстарға да адамдар тартылып, еңбекақы төленсе, мұның сыртында әлеуметтік көмек түрлері де жүзеге асуда. Әрине, денсаулық сақтау саласы да, оның ғимараттарын күрделі жөндеу сияқты жұмыстарында да ілгері басқандық бар.
Еліміздегі ең басты жаңалық 9 маусымда өтетін Президент сайлауы. Осы саяси науқанға байланысты Текелі қаласының әкімі Б.Ә.Өнербаев бастаған саяси қауым да үлкен дайындық үстінде. Берілген мерзімде құрылған учаскелік комиссиялар да жұмыстарын қыздыра түскен. Мұның бәрі сайып келгенде, қала жұртшылығының сайлау күнін көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, қалаған үміткеріне дауыс беруіне алғы-шарты болмақшы.
Мен өз өмірімде, басқаны айтпағанда, еліміздің Президентін сайлауға алты мәрте қатыстым. Барлық сайлауда округтік, аумақтық, учаскелік сайлау комиссиясының жұмысына белсене араласып, оның ойдағыдай өтуіне өз үлесімді қостым. Сол еңбегім үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолынан төрт рет «Алғыс хат» алдым. Сондай-ақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясымен Қазақстандағы БҰҰДБ-ның «Сайлау процессін ұйымдастыру қырлары және бұқаралық ақпарттық құралдарында сайлаудың ақпараттық қамтамасыз етілуі» тақырыбы бойынша тренингке қатысушы сертификатына ие болдым. БҰҰ-ның Резидент-үйлестірушісі Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының тұрақты өкілі Хаолянь Шудың қолынан халықарлық бақылаушы куәлігін алдым. Мұның бәрін айтып отырған себебім, осынау жетістіктеріммен тәжірибелерім арқылы қалалық және учаскелік сайлау комиссиясының заң аясында жұмыс істеп жатқанына сенім білдіретінімді жеткізгім келеді.
«Біз Қазақстан Республикасының әрбір азаматына тең мүмкіндік жасайтын дамыған әділетті қоғам орнатамыз» деген еді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев. Олай болса, сабақтастық пен әділдікті ту етіп, үнемі өрлеу жолында еңбек ететін дана халқымыз Президент сайлауына ұйымшылдықпен бір кісідей қатысып, өз таңдауын жасайтындығына ардагер сайлаушы ретінде сенім білдіремін.
Сәбит БИБОЛОВ, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз