Береке – мүмкіндіктер бастауы

0
270

  Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. Сессияда Елбасы еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі Ассамблеяның маңызды рөлін атап өтті.
Сессияда сөйлеген сөзінде: «Жаһандық әлем күшті трансформацияны бастан өткеріп отыр. Біз бәріміз мүлде жаңа тарихи дәуірде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Экономика, қоғам өмірі және технология түбегейлі өзгерді. Бұл жаңалықтарды қабылдап, көп нәрсені үйренеміз, біраз нәрсені істей аламыз. Бірақ, бұл құбылмалы әлемде бір ғана мәңгі әрі кешенді құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім», – деген Елбасы халқымыздың баянды өмірі мен мемлекетіміздің күшеюі жолындағы маңызды түйінге қай кезде де баса назар аударудың көкейкестілігіне салмақ беріп, осы бағыттағы берік ұстанымын тағы да нақтылай түсті.
Біле-білсек, еліміздегі көп этносты қоғамның ерекшелігін басқаларға қарағанда өзіміз жақсы білеміз. Елбасы атап өткендей, бұл – біздің елдің артықшылығы! Әрине, осы ерекшелікті, атап айтқанда, біздің қоғамның мәпелеуімен қалыптасқан бір шаңырақ астындағы ұйыған берекелі тіршілікті сақтай білу – ең зор жетістік. Себебі, бүгінге дейінгі қолымыз жеткен игіліктердің барлығы ортақ мақсат жолында күш біріктірген қазақстандықтардың еселі еңбегінің нәтижесі. Елбасының бейбітшілік пен келісімді жоғары бағалап, ішкі тұрақтылыққа баса мән беруі және осы ұстанымды берік сақтауы көп этносты еліміз және оның болашағы туралы бұған дейін айтылған деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығарғанына куә болып келеміз. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деп бірлікті баяғыдан бағалаған халқымыздың бауырмал кең пейіліне бауыр басқан өзге ұлт өкілдері болашағын қазақ халқымен, кең-байтақ қазақ даласымен бірге елестетеді. Міне, осы ортақ сезім біздің ең басты байлығымыз.
Бірліктен құдіретті күш жоқ. Әлемдік дамудың мол мүмкіндіктерін бірлігі бекем, жасампаз, еңбекқор халықтар өз игіліктеріне жаратуда. Елбасының бейбітшіл ұстанымы мен осы бағыттағы сара саясаты бізді сондай мүмкіндігі мол халықтардың қатарына қосты десек артық айтпаспыз. Бүгінде қазақстандықтар заманауи ғылым мен технологияның соңғы жетістіктерінен пайдалануда көптеген елдердің алдында. Себебі, бүгінде инвестиция деп аталатын қаржы ағынын еліміз тұрақтылығымен де баурап отыр.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз